18 қыр, 2024 сағат 13:30

Мұны қалай жедел жәрдем деп атауға болады — Депутат жедел жәрдем мәселесін көтерді

Фото: Тengrinews

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков Қазақстандағы жедел медициналық көмек көрсету ережесін қайта қарау керек деп есептейді. Бұл туралы "Ұлт Ақпарат" хабарлайды.

Ол дәрігерлік бригаданың диспетчерден пациентке дейін жету уақыты ережеде айқын белгіленгенімен көп жағдайда орындалмайтынын айтып, Мәжілістің жалпы отырысында мәселе көтерді. Депутат бұған өзінің басынан өткен қайғылы жағдайды мысал етіп, баяндап берді.

"23 шілдеде әкем кенеттен ауырып, жедел жәрдем қызметіне сағат 13.50 шақырту берілді. Алайда жәдел жәрдем 30 минутта келді. Бұл аралықта әкемнің жағдайы өте ауырлап қалған-ды. Шымкент қаласы «Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы» ереже бойынша пациеттің жағдайы 2-ші жеделдік санатта болғандықтан 15 минутта жетуі тиіс еді. Бірақ кешіккеннен кейін, тиісті жәрдемін көрсете алмай, әкемізден айырылып қалдық. Бұл бір ғана жағдай емес. Жедел жәрдем өз уақытында келетін болса, көп азаматымызды ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік болар еді", - деген депутат Исабеков кейде жедел жәрдем 1 сағаттан аса уақытқа кешігетінін айтып, "мұны қалай жедел жәрдем деп атауға болады?" деп налыды.


Ол өз сөзінде АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия және Аустрия мен Ирландияның жедел жәрдем қызметі тәжірибесін мысалға келтірді.

"Олар өте шұғыл (экстренный), шұғыл (неотложный) деп екіге бөлініп, науқастарға қызмет көрсетеді. Осы тәжірибені бізге де енгізу қажет деп білемін", - дейді Исабеков.


Депутат Данабек Исабеков ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан жедел жәрдемнің пациентке жететін уақытын қайта қарап, әлем елдерінің тәжиребісін зерттеуді, сондай-ақ, жедел жәрдем саласына жекеменшік секторды енгізіп, бәсекелістікті арттырып, сервистік қызмет саласын жетілдіруді және үшіншіден, барлық жедел жәрдем бригадаларының жұмыстарына тексеру жүргізуді және көліктерінің жағдайын білуді, мамандарының біліктіліктерін қатаң бақылауға алуды сұрады.