17 қаз, 2023 сағат 14:29

"Мұндай дүрлігу болады деп ойламадық" - Балаева "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмі жайлы


Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева прокаты бір аптаға ұзартылған "Міржақып. Оян, қазақ!" фильміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет брифингінде журналистер министрден "зал толы көрермен жинағанына қарамастан, фильмнің прокаты басқа кинотуындыларға қарағанда неге қысқа болғанын" сұрады.

"Барлық прокаттық ұйымның өз кестесі бар. Біз мұндай дүрлігу болады деп ойлаған жоқпыз. Шынында да, уақыты алдын ала таңдалды. Көрермендер осы фильмнің көрсетілімі одан әрі жалғасқанын қалаған соң, тағы бір аптаға ұзарттық. 

Қазір прокат уақыты аяқталды. Көрермендерін күтіп тұрған басқа да фильмдер бар. Сол себепті бұл жерде қандай да бір проблема бар деп ойламаймын.

Парадокс сол - бұл фильм Qazaqstan телеарнасында үш рет көрсетілді, бірақ ерекше қызығушылық болмады. Қазір бұл фильм көпшілікке қолжетімді. Оны YouTube-арнадан көруге болады. Сондықтан мен мұнда ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын", - деді министр журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Балаеваның айтуынша, қазақстандықтардың бұл фильмге деген қызығушылығы жоғары.

"Әрине, қазақстандық сериалдар да табысты болса деген үміт бар. Бұған дейін бізде тек нашар және сапасы төмен өнімдер түсіріледі деген стереотип болған. Біздің режиссерлер мен продюсерлік компаниялар да мақтауға лайықты фильмдер түсіре алады", - деді министр.