Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша мырыш бағасы 16 пайызға, мыс 12, темір кені – пайызға, ферроқорытпалар – 1,2 пайызға түскен.
«Қазіргі кезеңде сыртқы экономикалық жағдайлар төмендегідей қалыптасып отыр. Әлемдік тауар нарықтарында мұнай мен металдардың бағасы едәуір төмендегені байқалады. 9 наурыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 34 долларды құрады. Бұл жыл басымен салыстырғанда екі есе арзан. Күн ішінде мұнай бағасы бір барреліне 31 долларға дейін төмендегені байқалды», - деді Руслан Дәленов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, металдардың бағасы да төмендеген. Атап айтқанда мырыш бағасы 16 пайызға, мыс 12 пайызға, темір кені 4 пайызға, ферроқорытпалар бағасы 1,2 пайызға түскен.
«Әлемдік капитал нарығы құбылып тұр. Жыл басынан бері америкалық биржа индекстері 14 пайызға, еуропалық индекстер 15 пайызға дейін және қытай индекстері 13 пайызға төмендеді. Бұл үрдістер сыртқы нарықтардағы жоғары белгісіздікті көрсетеді», - деді ол.
Министр қазіргі кезеңде Қазақстанның кредиттік рейтингі нақтыланғанын атап өтті. Халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның дербес кредиттік рейтингін растап, болжам «тұрақты» деңгейде сақталған. Бұл ретте рейтингті Standard and Poor's осы жылғы 6 наурызда, ал Fitch Ratings 21 ақпанда айқындады.
«Сыртқы халықаралық сарапшылардың пікірінше, рейтинг болжамы елдегі макроэкономикалық тұрақтылық, ішкі сұраныс резервтері және мұнайлық емес сектордың ұлғаюына байланысты болады», - деді ол.