Мұнай бағасының өсуі теңгенің 21,27 теңгеге нығаюына ықпал етті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Валюта нарығындағы жағдай сыртқы іргелі факторлардың әсерінен дамуда. ОПЕК+ мәмілесінің сәтсіздікке ұшырауы, Ресей рублінің әлсіреуі және коронавирустың тез таралуы аясында әлемдік қаржы нарығындағы құбылмалылықтың артуы салдарынан мұнай бағасының осы жылғы наурыздың қорытындысы бойынша бір баррель үшін 22,7 АҚШ долларына дейін, жыл басынан бастап 2,9 есеге күрт төмендеуі ішкі валюта нарығына қысым көрсетті. Осы орайда биылғы наурызда теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 447,7 теңгеге дейін әлсіреді. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және алыпсатарлық мәмілелерді шектеу мақсатында осы жылғы 10 наурыздан бастап Ұлттық банк интервенция жүргізді», - деді ол.
Сонымен қатар, оның атап өтуінше, валюта ұсынысының төмендеуі және теңгенің айырбастау бағамына күрт қысым жасау талаптарында валюталық сауда-саттықта алғаш рет Франкфурттық аукцион әдісі іске қосылды. Бұл шара бағамға алыпсатарлық қысымды төмендетуге бағытталды.
«Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін арттыру үшін Үкіметпен бірлесіп, шетел валютасы ұсынысын ұлғайту бойынша шаралар кешені қабылданды. Оған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сатуы және валюталық депозиттерді ҚР-дың екінші деңгейлі банктердегі шоттарға аударуы, заңды тұлғалардың валютаны сатып алуына/сатуына қойылатын талаптарды күшейту кіреді», - деді ҰБ төрағасы.
Ерболат Досаевтың айтуынша, мұнайдың әлемдік бағасының өсуі қабылданған шаралармен қатар теңгенің айырбастау бағамының биылғы 19 наурыздағы бір АҚШ доллары үшін 448,5 теңге болатын ең жоғарғы мәннен осы жылғы 13 сәуірдегі жағдай бойынша бір АҚШ доллары үшін 427,25 теңгеге дейін 4,7 пайызға немесе 21,27 теңгеге нығаюына ықпал етті.