"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі, қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" санатына қосқан Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шығатын болды. Бүгін, 3 наурызда Семей қалалық №2 соты Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен ерте босату туралы үшінші өтінішін қанағаттандырды.
Сот шешімі бойынша, Мұхтар Жәкішев "пробациялық бақылауға алынады, жаза мерзімі толық аяқталмайынша Қазақстан аумағынан шығарылмайды".
Сот отырысына Қазақстанның әр түкпірінен қоғам белсенділері мен Мұхтар Жәкішевті қолдаушылар, Еуропа мен Нұр-Сұлтандағы елшіліктерден келген бақылаушылар да жиналды. Олар сот басталмай тұрып залда Мұхтар Жәкішевке бостандық сұрап, ұрандатты. Жәкішевтің өзі сотқа келген жоқ, кезекті процеске скайп арқылы қатысты.
"Менің Қазақстан азаматы ретіндегі басты өтінішім, маған қатысты Қазақстан Республикасында қабылданған заң қолданылғаны", - деді ол.
Жәкішевтің тәртібі дұрыс деген үшінші дәрежесі бар, бұл ең жақсы көрсеткіш саналады. Колония өкілі видео-конференц-байланыс арқылы сотталушының мінездемесі оң екенін растады (дұрыс тәртібі үшін жеті мәрте мадақталған) және мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға негіз бар деп есептейтінін айтты.
Бұдан кейін Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев сөз сөйледі.
"Осы уақыт бойында Жәкішев 24 гипертониялық кризді бастан өткерді. Әлі де гипертониялық шабуылы жалғасып жатыр. 2020 жылғы 6 ақпанындағы анықтама бойынша Семей қаласы медициналық мекемелерінде Жәкішевтің басқа да ауруларға душар болғаны дәлелденді. Оның жағдайы жақсармай келеді, нашарлап кетті, ал күніне 40-тан аса дәрі қабылдауы керек", - деді адвокат.
Прокурор судьядан адвокат Нұрлан Бейсекеевтің Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұраған болатын. Айтуынша, сотталушы 99 миллиард теңге шығынның тек 200 мың теңгесін ғана өтеген.
Былтыр 24 шілдеде Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан Мұхтар Жәкішевтің шартты жазамен мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Семей соты "Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге (қазіргі курспен 258 миллион доллар) шығынды өтемегенін" айтқан. Қыркүйек айындағы апелляциялық сот бұрынғы шешімді өзгертпеді.
Соттың алдында және одан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында биліктен Жәкішевті босатуды талап еткен наразылық акциялары өтті.
Мұхтар Жәкішевті саясаттанушылар "білікті менеджер" деп санайды. Ол 2009 жылы мамырдың 21-іне "Қазатомөнеркәсібі" компаниясының басшысы қызметінен алынып, мамырдың 24-іне тұтқындалған. "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға сотталған.
2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішевтің үстінен қозғалған тағы бір іс бойынша Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 соты үкім шығарды.
Оған "ірі көлемдегі алаяқтық" (қылмыстық кодекстің 177-бабы) және "өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау" (176-бап), "заңдастыру" (193-бап), "қылмыстық топ құру" (235-бап), "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Бұл жаза бұрынғы 14 жылдық жазамен біріктірілді. Екінші қылмыстық іс бойынша сот отырыстарына Мұхтар Жәкішев пен оның өзі жалдаған адвокаттары қатыспаған.
Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Отандық құқық қорғаушылар Жәкішевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқындар жоқ" деп есептейді.