05 ақп, 2018 сағат 18:45

Мұхтар Тайжан: Біз қараған заң жобасында жерді сату туралы бірде-бір сөз жоқ

«Жер жаппай сатылады және шетелдіктерге жалға беріледі» деген мағынадағы әлеуметтік желіде тараған ақпараттар жалған. ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл заң ерекше заң деуге болады. Өйткені, бұл заң жер комиссиясының шешімдері бойынша дайындалған. Мен осында отырған адамдармен (АШМ өкілдерімен - авт.) бір жарым жыл уақыт жұмыс істегенмін. Өкінішке қарай, соңғы күндері әлеуметтік желілерде «ақпанның 14-нен кейін жер жаппай сатылады және шетелдіктерге жалға беріледі» деген арандатушы ақпараттар пайда болды. Ресми түрде айтып отырмын: ол жалған, өтірік әрі арандатушы ақпарат деп есептеймін», - дейді ол.

Мұхтар Тайжанның айтуынша, заң жобасында ол туралы бірде-бір сөз жоқ.

«Мен оған өз басым кепіл бере аламын. Керісінше, біз қараған заң жобасында халыққа пайдалы әрі тиімді нәрселер бар. Мысалы, жайылымдық жер, 10 сотық жер туралы, латифундизмге қарсы нақты нормалар бар. Сондықтан, біздің заңымыз қабылданғаннан кейін «жер жаппай сатылады немесе шетелдіктерге жалға беріледі» деген сөз жалған. Содан кейін хаттың (ақпараттың) авторы да жоқ. Қарапайым сөзбен айтсақ, бұл - анонимка. Егер бұл хаттың авторында фактілер мен дәлелдер болатын болса, неге халықтың алдына шықпайды? Неге дәлелдерін көрсетпейді?», - дейді Мұхтар Тайжан.

Ол сонымен бірге, осы мәселеге қатысты ақпанның 16-сында осында үлкен жиын, қоғамдық талқылау өткізілетінін айтты.

«Жан-жақтан, аймақтардан беделді, салмақты азаматтар келеді. Білікті заңгерлер тәуелсіз сараптама дайындап, қоғам талқылауында баяндап береді. Сондықтан, бұл заңда еш халықтан жасыратын немесе халыққа зиянды нәрселер жоқ. Мұны мен сенімділікпен айтып отырмын», - деп түйді Мұхтар Тайжан.

Айта кетсек, қазіргі уақытта ҚР Парламент Мәжілісінің жұмысында «Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы қаралуда.