Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Х.Досмұхамедов атынағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушы құрамы және студенттерімен кездесуінде айтты.
Іс-шара барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары атыраулық жастарға Алаш партиясының құрылу тарихы, Алаш қайраткерлерінің мақсаты, ұлт үшін өздерін құрбан еткен батыл әрекеттері туралы дәріс оқыды.
– Алаш ардагерлері жобалап, мақсат еткен асыл идеялар тәуелсіз Қазақстан тұсында жүзеге асты. Ұлт рухын биіктететін бұл идеялар әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар, Мұхтар Абрарұлы осыдан 100 жыл бұрын құрылған Алаш автономиясы қазақ халқының тұңғыш ұлттық мемлекеттік құрылымы болғанына назар аударды. Алаш қайраткерлерінің елге, ұлтқа сіңірген еңбегі туралы кеңінен баяндаған Мұхтар мырза Атырау университетіне есімі берілген Халел Досмұхамедовтің қайраткерлігіне де ерекше тоқталып өтті.
Сөз соңында ұлт зиялысы жастарды білім алуға шақырып ол үшін Елбасы барлық жағдайды жасағанын жеткізді. Одан бөлек, кездесуде Мемлекет басшысының батыл әрекет етуінің арқасында бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Енді осы танымалдығымызды тарихымызбен сабақтастырып, ұлтымыздың сақталып қалуы жолында өмірін берген тарихи тұлғаларымыздың еңбектерін кеңінен насихаттауымыз керектігі айтылды.
Біз Мұхтар Құл-Мұхаммедті ұлт зиялысы деп тегін атаған жоқпыз. Өйткені, ұлттық өнер, мәдениет, тарих және әдебиетпен біте қайнасып, асыл құндылықтарымыздың сақталып, болашақ ұрпаққа саф күйінде жетуі үшін барын салып жүрген Мұхтар Абрарұлы ұлтымыздың қазіргі таңдағы зиялыларының бірі ғана емес, бірегейі. Сондықтан оның Алаш қайраткерлерінің игі істеріне назар аударуы заңдылық деп білеміз.