07 мау, 2017 сағат 10:14

Мұхтар Әблязов 20 жылға бас бостандығынан айырылды

Бүгін Алматы қаласының соты БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты өз үкімін шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Әбілязов кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру мен 300 АЕК көлеміндегі айыппұлды төлеу жазасына кесілсін. Бұдан бөлек, оның барлық мүлкі тәркіленіп, үш жылға дейін банк қызметімен айналысуға тыйым салынсын. Ал жазаны өтейтін мекемеде қауіпсіздік шаралары барынша қатаң болуы шарт», - деді судья.

Әбілязовтың сыбайласы Жақсылық Жарымбетов 5 жылға шартты түрде сотталды. Сондай-ақ ол 300 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеліп отыр. Оған да үш жылға дейін банк қызметімен айналысуға болмайды. Қайрат Садықов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оны сот залынан бірден түрмеге әкетті. Бұдан бөлек, Садықов 300 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, барлық мүлкін мемлекетке тапсыруы тиіс. Ал Сәдуақас Мәмеш 5 жылға сотталды. Алайда ол өз жазасын шартты түрде өтейді. 

Айта кетейік, 3 сәуірде Алматыда БТА банкі бойынша сот отырысы басталған болатын.  Оған Әбілязовтың бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, несиелендіру бойынша директоры қызметін атқарған Қайрат Садықов және басқарманың экс-төрағасы Сәдуақас Мәмеш қатысты. Әбілязовқа қатысты сот үкімі сырттай шығарылды. 2009 жылдан бері бұрынғы банкир шетелде бой тасалап жүрді. Қазіргі кезде ол Францияда тұрады.  

Бұған дейін «БТА Банкі» АҚ-ның басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов арнайы баспасөз мәслиxатын өткізіп, өзіне қатысты таралып жатқан алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарған болатын. Сол жерде ол шетелге не үшін қашып кеткенін айтып берді.