07 мау, 2017 сағат 13:41

Мұхтар Әбілязов 20 жылға сотталды

Бүгін Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты БТА банк ісі бойынша үкім шығарды.

Сот үкімін аталған соттың төрағасы Мартбек Кәкімжанов оқыды. Сот қылмыстық істің басты кейіпкері - Мұхтар Әбілязовты - 20 жылға, БТА банктің несиелеу бойынша директоры Қайрат Садықовты -15 жылға, банк төрағасының экс-орынбасары Жақсылық Жарымбетов пен бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмештегін - 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті.

Айта кетелік, басты сот отырысы мемлекетаралық іздеудегі Мұхтар Әбілязовтің қатысуынсыз өтті.

«Әбілязов Мұхтар Қабылұлы, 1963 жылы 16 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында туған, бұрын сотталған, ҚР ҚК-нің 263 бабының, 4 тармағы бойынша - «Қылмыстық қауымдастық құрып, оған жетекшілік еткен, соған қатысумен бірдей саналады», 176 бабының 3 тармағы бойынша - «Бөтеннің мүлкін иелену және жұмсау», 24 бабының 3 тармағы бойынша - «Қылмыс жасауға дайындалу және қылмыс жасауға қастандық», 193 бабының 3 тармағы бойынша - «Қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру, ақша ұрлау», 220 бабының 1 тармағы бойынша - «Банктің ақшасын заңсыз жолмен жұмсау», 228 бабы бойынша - «Өкілеттіктерін асыра пайдалану» қылмыстарын жасады деп айыпталып, 20 жылға сотталсын. Сондай-ақ, оның мүлкі тәркіленіп, 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салынады, үш жылға дейін банк саласында кәсіби қызметпен айналысуына тыйым салынады»,- деді судья Әбілязовқа қатысты үкімді жария етіп. ҚР ҚК-нің 235 бабының 3 тармағы; 176 бабының 3 тармағының «а,б» тармақшасы; 24 бабының 3 тармағы; 193 бабының 3 тармағының «б,в» тармақшасы бойынша; 220 бабының 1 тармағы және 228 бабы бойынша қылмысты әрекеттер жасады деп айыпталған Мұхтар Әбілязовтің сыбайластарының бірі - Қайрат Садықов 15 жылға сотталды.

Сондай-ақ, оның мүлкі кәмпескеленіп, 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, үш жылға дейін банк саласында кәсіби қызметпен айналыса алмайды. Сотта өзінің кінәсін мойындамаған Қ. Садықов сот залынан қамауға алынды. Ал М. Әбілязовтің екі сыбайласы - Жақсылық Жарымбетов пен Сәдуақас Мәмештегі 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Айта кетелік, ҚР ҚК-нің 235 бабының 3 тармағы; 176 бабының 3 тармағының «а,б» тармақшасы; 24 бабының 3 тармағы; 193 бабының 3 тармағының «б,в» тармақшасы бойынша қылмыс жасады деп айыпталған екі сотталушы да толығымен өз кінәсін мойындады. «Сотталушы Жарымбетов өзінің қылмысына өкініш білдірді және тергеуге көмектесті, оның алты баласы бар, екеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Ж. Жарымбетов ҚР ҚК-нің 58 бабын негізге ала отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылады, үш жылға дейін сынақ мерзімімен бақылауда болады. Оған тұрғылықты мекен-жайын ауыстыруға тыйым салынады»,- деп оқыды Ж. Жарымбетовке қатысты үкімді судья. Сәдуақас Мәмештегі ҚР ҚК-нің 176 бабының 3 тармағының «а,б» тармақшасы; 193 бабының 3 тармағының «б,в» тармақшасы, 220 бап бойынша айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол да ҚР ҚК-нің 58 бабын негізге ала отырып, үш жылға дейін бақылауда болады. Жақсылық Жарымбетов пен Сәдуақас Мәмештегіге 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, олар да үш жылға дейін банк саласында кәсіби қызметпен айналыса алмайды.

Сот үкімінде айтылғандай, аталған үш сотталушы да БТА банкке келтірілген ақшалай шығынды толығымен өтейтін болып, міндеттелді. Айта кетелік, БТА банк ісі бойынша басты сот отырысы 2017 жылдың 3 сәуірінде басталған болатын.

ҚазАқпарат