Мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастыра береміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдың қаңтарынан бастап педагогика қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті. Алдағы үш жылдың ішінде біз бұл мақсатқа қосымша 1,2 трлн теңге бағыттаймыз. Қабылданған іс-шаралар өз жемісін беріп те жатыр. Педагогика мамандығына түсушілердің орташа баллы күрт өсті. Мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастыра беретін боламыз», - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаһандық өзгерістер жағдайында алған білім түлек еңбек нарығына шыққанша ескіріп кету мүмкіндігі жоғары екендігін баса айтты.
«Сондықтан бейінді министрліктердің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайларға бейімдеу бойынша шұғыл міндет тұр. Пандемия кезіндегі қашықтан оқыту қорытындысы ұлттық телекоммуникация желісі тиімділігінің жеткіліксіздігін көрсетті. Бұл базалық қарапайым білімі жоқ оқушылардың үлкен легінің пайда болуына алып келді»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
