05 қаз, 2022 сағат 13:48

Мұғалімдер экономикадағы орташа жалақымен тең айлық алады - Аймағамбетов


Елімізде мұғалімдер экономикадағы орташа жалақымен тең айлық алады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз осы жерде тәжірибе алмасамыз. Көптеген әріптесіміз Қазақстанның тәжірибесін зерделейді. Оның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң барлығына қызығушылық тудырары сөзсіз. Бұл заң білім беру саласында көп нәрсені өзгерткені, оның ішінде жалақының өсуіне сеп болғаны шындық. Қазір мұғалімдеріміздің орташа жалақысы экономикадағы орташа жалақымен деп айта аламыз. Дәл осы тапсырманы үш жыл бұрын алға қойған едік. Еңбекақы айтарлықтай өсті», - деді министр ТМД-ға мүше елдер мұғалімдері мен басқа да білім беру қызметкерлерінің VII съезінде.

Министр педагогтер өздерінің құзіретіне кірмейтін жұмыстарға ендігі уақытта тартылмайтынын, ол заңды тұрғыда шешілгенін баса айтты.

«Естеріңізде болса, ертеректе олар пәтер жағалап, есік қағып, өздерінің жұмысына кірмейтін істерді атқаратын. Есеп-қисабы да көп еді. Барлық іс-шара педагог әріптестеріміздің мойнына артылатын. Сондықтан бұл мәселенің бәрін Заңның қабылдануы арқасында түбегейлі шештік. Бұл жұмыста ары қарай да жалғастыра береміз», - деді Асхат Аймағамбетов.