14 мам, 2020 сағат 11:00

Мойынқұм аудандық білім бөлімінің бухгалтері 32 млн теңге жымқырған

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында мектеп қызметкерлерінің шотына заңсыз ақша аударып, 32 млн теңге жымқырған білім бөлімінің бухгалтері сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мойынқұм аудандық сотының үкімімен Мойынқұм ауданының білім бөлімінің бухгалтері Д.Ерсұлтан 5 жылға сотталып, тағы 3 жылға қаржы саласында еңбек ету құқығынан айырылды», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша аудандық білім бөлімінің бухгалтері 32 млн теңге жымқырып кеткен. 

«Ол 2016 жылдың 10 қазанынан бастап 2019 жылдың 28 ақпанына дейін орта мектептің 10 қызметкерінің карталық шотына заңсыз негізде айлық аудару жолымен кейін осы ақшаны алып отырған», - дейді Данияр Бекайдаров.