16 қар, 2020 сағат 10:00

Молдовадағы президент сайлауында батысшыл кандидат жеңіске жетті

Молдованың бұрынғы премьер-министрі, "Әрекет және ынтымақ" оппозициялық партиясының төрайымы Майя Санду жексенбі күні өткен президент сайлауының екінші турында жеңіске жетті. Дүйсенбі күні Молдова орталық сайлау комиссиясы таратқан мәлімет осыны көрсетіп отыр. Осылайша Молдованы алғаш рет әйел-президент басқарайын деп отыр. Мұнда президенттік мерзімі - 4 жыл. 

Сайлау учаскелерінің 99 пайызында хаттамалар есептелгеннен кейін Сандуға сайлаушылардың - 57,7 пайызы, қарсыласы, қазіргі президент Игорь Додонға 42,3 пайызы дауыс бергені анықталған. 

Түпкілікті қорытынды АҚШ пен Канадада дауыс санау толық аяқталғаннан кейін сәл кейінірек жарияланады. Шетелде тұратындардың басым бөлігі Сандуды қолдауға бейім. 

Сайлаудың бірінші турындағыдай, Сандуға елдегі ірі қала тұрғындары (Бельцтен басқасы), жастар, Еуропадағы диаспора өкілдері дауыс берген. Додонды Бельц тұрғындары, ауылдық жерлерде тұратын сайлаушылар қолдаған. Гагаузияда тұрғындардың 95 пайызы Додонға дауыс берген. 

ОСК-ның алдын ала мәліметі жарияланғаннан кейін Майя Санду сайлаушыларға алғыс айтты. Ол сайлау кезінде бөлініп-жарылған қоғамды біріктіріп, экономикалық мәселелерді шешуге уәде берді. Бұған қоса, парламентті таратып, кезектен тыс парламент сайлауын өткізетінін де жеткізді. 

Қазіргі президент Игорь Додон әзірге жеңілгенін мойындаған жоқ. 

Осыған дейін Молдованың қоғамдық саясат институты жүргізген экзитпол қорытындысы Сандудың - 54,7 пайыз, Додонның 45,3 пайыз дауыс жинайтынын көрсеткен еді.

"Интеллект груп" агенттігі жүргізген сауалнама қорытындысы да соған ұқсас нәтиже шығарған.

15 қараша күнгі сайлауға сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысқан. Бірінші турда шамамен 43 пайызы ғана қатысқан еді.

Соңғы ақпарат бойынша, Молдованың өзінде - 1 млн 300 мың адам, шетелде шамамен 250 мың адам дауыс берген.

Майя Санду - еуропашыл "Әрекет және ынтымақ" (PAS) партиясының кандидаты. Бірінші турда ол - 36 пайыз, Додон 32 пайыз дауыс жинаған. Социалистер партиясы атынан қатысқан Додон ресейшіл кандидат болып есептеледі. Санду Еуропамен тығыз байланыс орнатуды қолдағанмен Мәскеумен де ара қатынасты бұзғысы келмейтінін айтады. Оның пікірінше, Молдованың дамуын тежеп отырған нәрсе - жемқорлық.

2016 жылы президент сайлауына қатысқан Санду Додоннан жеңіліп қалған. 2019 жылы премьер-министр қызметін атқарған Санду күтпеген жерден олигарх Влад Плахотнюкпен альянс құрып, ақыры олигарх елден кетуге мәжбүр болған. Ал қызметінен босатылған Санду оппозиция жетекшісіне айналған.