07 қаз, 2022 сағат 10:11

Мобилизациядан қашқан екі Ресей азаматы АҚШ-тан пана сұрады


Мобилизациядан қашқан екі Ресей азаматы АҚШ-тың Аляска аралына қонғаннан кейін елдің ресми орындарынан пана сұрады. Бұл жөнінде 6 қазанда Конгреске Аляска штатынан сайланған сенатор Лиза Мурковски кеңсесі хабарлады.

Кеңсе өкілі Карина Боргердің айтуынша, олар екі ресейліктің мәселесіне қатысты АҚШ жағалау күзеті мен кеден және шекара қызметімен (CBP) хабар алмасып отыр. Ақпаратқа қарағанда, екі ресейлік Украинадағы соғысқа бармас үшін Ресейдің шығысындағы елді мекендердің бірінен қашып шыққан.

Мурковски Ресеймен қарым-қатынастың ушыққанын ескере отырып, ішкі қауіпсіздік департаментінің хатшысына хабарласқанын, мәселені алғаш 4 қазанда талқылағанын айтады. Қазір АҚШ жағалау күзеті мен кеден және шекара қызметі "аталған азаматтарды АҚШ-қа кіргізу-кіргізбеу мәселесін қарап жатыр".

Екі Ресей азаматы Алясканың оңтүстік-батысында Ном қаласынан шамамен 320 шақырым жердегі оқшауланған әулие Лаврентия аралындағы Гамбелл қаласына келген. Бұл аумақ Ресейдің Чукотка түбегінен небәрі 60 шақырым жерде жатыр.