11 мау, 2019 сағат 09:59

Митингке қатысушыларға шетелден нұсқау беріліп отырды - ІІМ

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің наразылық акциялары кезінде сабырлылық танытып, арнайы құрылғылар пайдаланбағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингілер "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйым) қозғалысының бастамасымен ұйымдастырылды. Ал осы ұйымның жетекшілері азаматтарға шетелден нұсқау беріп отырған.

"Ұйымның белсенділері жаппай үгіт-насихат жүргізді. Әрине, ондай жұмыстар халыққа әсер етпей қоймайды. Соның нәтижесінде адамдар заңсыз митингке шықты. Ал жеке құрам барынша ұстамды болып, араңдатушылық әрекеттерге бой берген жоқ", - деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, митингтер кезінде арнайы-құрал жабдықтар пайдаланылған жоқ. 

"Әрине, біз әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіздік. "Қазақстанның демократиялық таңдауының" чаттарын да қарап отырдық. Шетелден түскен нұсқауларға да талдау жасадық. Сондықтан олардың 10-ы күні де көшеге шығатынын білдік. Чаттарда отырған белсенділер сан алуан арандату жолдарын ұсынды. Олар ірі көшелердің қозғалысын жабуға, тіпті, құқық қорғаушыларға қатысты күш қолдануға үндеді", - деп атап көрсетті Қожаев.

Ол сайлау күні ішкі істер органдарының 20 мыңға жуық қызметкері елдегі тәртіпті қамтамасыз еткенін атап өтті. 

Айта кетейік, 9-10 маусым күндері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында заңсыз митингілер кезінде 700-ге жуық адам ұсталған.

Бірінші күні 500 адам ұсталса, 10 маусымда тағы 200 адам ішкі істер органдарына жеткізілді, деп хабарлады ведомство.

10 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаев шеруге шыққандармен диалог орнатуға дайын екенін айтқан болатын.

"Иә, шынымен, Алматы мен елордада бір топ азамат наразылығын білдіру үшін көшеге шықты. Қазақстан Республикасының заңнамасы тұрғысынан қарасақ, бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, аталған әрекеттер заңсыз деп саралануы мүмкін. Елімізде бостандық бар ма дегенге тоқталсам, Қазақстанда бостандық бар", - деді Тоқаев.

Ол наразылық шерулері кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерін әдейі арандатқаннан кейін, олардың тарапынан қажетті шаралар қабылданғанын айтты.