Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияда жетекші мемлекеттер деп есептелгенімен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс осы уақытқа дейін өз деңгейінде болған жоқ. Мұны саясатпен байланыстыратындар көп. Көзі тірісінде Ислам Каримовтың солтүстіктегі көршісіне оң қабақ танытпағаны рас. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Өзбекстанның былтыр сайланған президенті Шавкат Мирзиеев Ұлыстың ұлы күні - Наурызда Қазақстанға ресми іс-сапармен келді. Бұл - Мирзиеевтің президент ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Бірақ өзбек басшысының шетелге жасаған алғашқы сапары емес-тін. Мирзиеев шет елге алғашқы сапарын сәуірде Ресейге жасайды деген еді. Жоқ, жоспар өзгеріп, наурыздың басында ол Қазақстанға барады деген ақпарат тарады. Бірақ жоспар күтпеген жерден тағы өзгеріп, Мирзиеев президент ретіндегі тұңғыш сапарын Түркіменстаннан бастады. Қазақстан - өзбек президенті ат басын тіреген екінші мемлекет. Мирзиеевтің алғашқы сапарларын алыстағы АҚШ-тан, қиырдағы Еуропадан емес, жақын көршілерден бастағаны - бекер емес.
Жалпы Мирзиеевтің Қазақстанға Ұлыстың ұлы күнінде келуін саясаткерлер жақсы ырымға балап жатты. Ақордада Назарбаев-Мирзиеев кездесуінде де шығыстық менталитетке тән ақ тілектер, емен-жарқын әңгімелер айтылды.
- Өзбекстан - біздің стратегиялық әріптес, көрші ел, әрі бауыр ел. Біздің тұрғындар көрші елдің гүлденуін, амандығын қалайды, - деді Назарбаев. Ал, Мирзиеев өзінің Астанаға сапарын «тарихи сәт» деп бағалады.
- Нұрсұлтан Әбішұлы! Өткен жылы Самарқанға келгеніңізде Қазақстан әр уақытта Өзбекстанмен бірге болатынын айтқан едіңіз. "Жақсы күндерде бірге қуанып, қиындық туған сәттерде бір-бірімізге сүйеу боламыз" дедіңіз. Сіздің өткен жылы Самарқанда айтқан осы сөздеріңіз бізді жақындата түсті. Осы сөздеріңіз тіреу болды, бүкіл өзбек халқы нағыз достың әрі бауырдың қамқорлығын сезінді, - деді Өзбекстан Президенті.
Назарбаев былтыр қыркүйекте Самарқанға барып, өзбектің марқұм болған президенті, өзінің ұзақ жылдарғы үзеңгілес серігі Ислам Каримовтың басына топырақ салып, дұға бағыштап қайтқан болатын.
- Сіздер, тұңғыш Президент Ислам Каримовпен бірге екі ел арасындағы көпірді қаладыңыздар. Бұл көпір алдағы уақытта нығая беретін болады. Біз әр уақытта да Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші ретінде қарастырамыз, - деді өзбек басшысы. Бұл сөздерден Мирзиеевтің Назарбаевқа арқа сүйейтіндігі байқалады. Елбасы аға болуға жараса, өзбектің юртбашы іні болуға жарап тұрған сияқты.
Осы сапар барасында Қазақстан мен Өзбекстан басшылар арасындағы түрлі саладағы 100 келісімге қол қойылды. Соның ең негізгілері – Мәңгілік достық туралы және Стратегиялық әріптестік туралы шарттар. Сондай-ақ, Астана мен Ташкент арасын жақындастыру үшін Астана – Ташкент теміржол қатынасы, жаңа әуе жолы және автобус рейстері іске қосылғаны осы кездесулерде тілге тиек етілді. Қазақ-өзбек шекарасынан тауар өткізуді жеңілдету үшін де біраз шаралар қабылданды. Екі ел арасындағы шекара бекеттері енді тәулік бойы жұмыс істейді. Қосымша бекеттер ашу қарастырылуда.
Жалпы билікті қолға алған жарты жылдың ішінде Мирзиеев өзінің бағыт-бағдарын, президент ретіндегі келбетін айқындады деуге әбден болады. Бірақ ол екінші Каримов бола алмайды. Мирзиеев халықтың еркімен санаса алатын президент екендігін көрсетті. Адам құқықтарына баса мән беруде. Шағын және орта бизнесті дамытуды жолға қойып отыр. Мирзиеевтің бастамаларын қарапайым халықты былай қойғанда, Каримовты Еуропаға диктатор еткен сырттағы оппозиция өкілдері де қолдай бастады. Осы аптада бір кездері Каримовпен иық тіресіп, онымен сайлауға түскен өзбектің бас оппозиционері, ақын Мұхаммед Салық бейнежолдау арқылы Мирзиеевтің саясатын қолдайтындығын білдірді. Оппозиция серкесінің мұндай қадамға баратын да жөні бар. Себебі жуырда оның інісі Мұхаммед Бекжан 18 жылға созылған қамаудан кейін бостандыққа шықты. Ислам Каримовтың көз тірісінде бостандық ол үшін орындалмас арман ғана болар еді. Темір торға 1999 жылы тоғытылған Мұхаммед Бекжан «Ерік» деп аталатын оппозициялық басылымның бас редакторы болған. 1999 жылдың наурызында оны арнаулы органның қызметкерлері Киевте ұрлап әкетіп, Өзбекстанға алып келді. Сот оны Ташкенттегі жарылыстарға кінәлі деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан айырды. 2011 жылы ол бостандыққа шығуы тиіс еді. Алайда жаза мерзімінің бітуіне бір ай қалғанда оған тағы айып тағылып, қамау мерзімі 4 жыл 8 айға ұзартылды. Бұл мерзім 2017 жылдың ақпанында бітті. Мирзияевтің билігі Бекжанға бұл жолы ешқандай айып тақпай бостандыққа шығуына мүмкіндік берді.
Бостандыққа шыққан Мұхаммед Бекжанның жасы 63-те. Дегенмен Өзбекстанда саяси себептермен қамауда отырғандардың саны әлі көп.
Б.Ерназар,
«Рейтинг» газеті №12, 30 наурыз 2017 жыл