13 қаң, 2021 сағат 03:33

Минск соты "Беларусь жасасын!" деп ұрандаған 89 жастағы зейнеткерге айыппұл салды

Минск соты 89 жастағы зейнеткерге "шеру заңын бұзғаны үшін" айыппұл салды. Беларусь милициясы өткен айда Александр Лукашенко отставкасын талап еткен наразыларды ұстағанда арасында Валерия Смирнова да болған.

12 қаңтарда Ленин аудандық соты оны "рұқсат етілмеген шараға қатысқаны үшін" кінәлі деп танып, 870 беларусь рублі (337 доллар) көлемінде айыппұл салған. Бұл елдегі орташа жалақы мөлшерінің жартысына тең. 

Смирнова 14 желтоқсанда дүйсенбі сайын өтетін зейнеткерлердің демократиялық қозғалыстарды қолдау акциясында арнайы жасақ ұстаған жүзден астам адамның бірі. Сол күні оның қызы 67 жастағы Людмила Быстренко да ұсталған. Ол милиция бөлімшесінде 6 сағаттан астам уақыт қамауда болғаннан кейін босатылған. 

Смирнованың немересі Дарияның сөзіне қарағанда әжесі шеру кезінде "Беларусь жасасын!" деп айқайлағаны үшін жазаланған. Tut.by сайтының жазуынша, сот кезінде видеомен шыққан полицей мәліметті растаған. 

  • 9 тамызда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко алтыншы мәрте президенттікке сайланды деп жарияланғалы бері елде наразылық толастамай тұр. Сайлау кезінде дауыстардың жаппай бұрмаланғанын айтқан оппозиция нәтижені мойындамайтынын мәлімдеген. Оппозиция жақтастары сонымен бірге биліктің шерулерді күшпен басып, белсенділерді қудалауын да айыптаған. Наразыларды күшпен тарату кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Құқық қорғаушылар мәліметінше, шамамен 30 мың белорус қудаланып, қоқан-лоқы көрген.
  • Еуроодақ пен АҚШ Беларусьтегі президент сайлауының нәтижесін мойындамады. Еуропарламент бейбіт шеруді күшпен басуды және демонстрант Роман Бондаренконың өлімін айыптайтын резолюция қабылдады. Бірқатар шенеуніктерге санкция салынды.
  • Ресей Беларусьтегі сайлау нәтижесін мойындаған.