07 қыр, 2020 сағат 20:02

Минск орталығында белгісіз біреулер оппозиция жетекшісі Мария Колесникованы ұрлап әкеткен

7 қыркүйекте Минск орталығында белгісіз біреулер Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі Мария Колесникованы ұрлап әкеткен. Бұл туралы куәгерлер сөзіне сүйенген Tut.by сайты хабарлады. 

Tut.by сайтына жауап берген куәгерлердің сөзіне қарағанда, Колесникованы белгісіз топ "Байланыс" (Связь) деген жазуы бар микроавтобусқа отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен. Оның телефоны жауап бермейді. Беларусь ішкі істер министрлігі Колесникованың ұсталғаны туралы ақпарат жоғын айтты. 

Колесникова - Беларусь президенттігінен үміткер қамаудағы Виктор Бабарико штабының өкілі. Сайлауалды кампания кезінде қоғамға танылып, митингілерде сөйлеген "әйелдер үштігінің" құрамына (бұл триода тіркелмеген кандидат Валерий Цепкалоның әйелі мен президент сайлауына қатысқан Светлана Тихановская бар) енген. Ол оппозиция құрған үйлестіру кеңесінің президиум мүшесі болған. 

Минскіде жексенбі күні өткен наразылық шарасына ондаған мың адам қатысқан. Ішкі істер министрлігі 6 қыркүйекте елдің түрлі аймағында 633 адамның ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар кемінде 200 адамның ұсталғанын, бір бөлігін дубинкасы бар арнайы жасақ формасын кимеген адамдар ұстағанын айтты. Куәгерлер шарада "титушка" деген атпен белгілі топтың белсенділігі байқалғанын хабарлады. Бұл сөз Украинадағы Еуромайдан кезінде пайда болған. Украинада митинг өткізуге кедергі келтіріп, арандатушыларды "титушка" деп атайды. 

Тамыз айында Беларусь билігінің қысымымен елден Светлана Тихановская мен үйлестіру кеңесінің президиум мүшесі Ольга Ковалькова кеткен. 

Президент Александр Лукашенкоға қарсы наразылық акцияларының жалғасып жатқанына бір айға жуықтады. Қарсылық шаралары кезінде көптеген адам ұсталып, соққыға жығылған, азапталған.