Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде аталып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Денсаулық сақтау министрлігі ауруды тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейтуге тиіс. Оны халықаралық стандартқа сәйкес тәулігіне кем дегенде 20-25 мыңға дейін жеткізу қажет. Осыған орай, Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алуды тапсырамын. Біз иммунобиологиялық препараттарды әзірлеу үшін қолда бар мүмкіндіктерімізді толық пайдалануымыз керек», - деп тапсырды Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы вакцина қолжетімді болған кезде Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет екенін атап өтті.
«Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз. Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі. Үкімет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізуге тиіс. Парламент бұл кодексті сессияның соңына дейін қабылдайды деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.