"Жесть дня" Telegram-арнасында Қазақстан қалаларының бірінде түсірілген ер адамды ұрып-соққан видео жарияланды. Видеода зардап шегуші - Ресей Федерациясынан келген мигрант, ал шабуылдаушылар - Қазақстан азаматтары және жанжалға ұлтаралық алауыздық себеп болған деп көрсетілген. ҚР ІІМ бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" StopFake.kz порталына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, видеоның Қазақстанда түсірілгеніне дәлел жоқ.
"Қазіргі уақытта ішкі істер органдары осы видео бойынша тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар полицияға өтініш түскен жоқ", – деп түсіндірді ІІМ баспасөз қызметі.
Бұл кадрларды Қазнет пайдаланушылары да талқылап жатыр. Мысалы, блогер Ұлан Әбішев ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған бұл видеоны қойылым деп санайды.
"Сенімсіз ақпараттар мен фейктердің көп таралуы, сондай-ақ сайттарға жасалған DDoS-шабуылдардың толастамауы – біреулердің Қазақстанға қатысты ақпараттық науқан жүргізіп жатқанының дәлелі", - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де осындай жағдайларға қатысты пікір білдірді.
"Соңғы кездері ашық арандатушылық бағыттағы, манипуляция ақпараттар көбейіп кетті. Қазақстанда болмаған оқиғаны осы жерде болды деп көрсету, фейк ақпаратты таратудың түпкі мақсаты белгілі.
Қазір елімізде өтіп жатқан халықаралық іс-шаралар мен көптеген елдің лидерлерінің келуі, халықаралық деңгейдегі түрлі тарихи маңызды шешімдердің қабылдануы - Қазақстан имиджіне оң әсер етері белгілі. Ал әлгіндей жалған, әдейі жасалған ақпараттық шабуылдар уыздай ұйып отырған ұлттың берекесін кетіру үшін әдейі жасалатыны анық. Сондықтан әсіресе, әріптестеріме әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға сергек қарап, тек қана дәйекті мәліметтерге сүйенуін сұраймыз", - деді министр желідегі парақшасында.