12 қаң, 2021 сағат 11:56

Министрлік мектепте смартфон қолдануға тыйым салынады деген қауесетке жауап берді

Мектепке смартфон әкелуге тыйым салғынғаны рас па? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желілерде мектептерде телефонды пайдалануға тыйым салынатыны туралы ақпарат тарап жүр. Бұл шындыққа жанаспайды. Яғни смартфонға қатысты бұрынғы норма сақталады. Алайда мектептер өздігімен смартфондарды пайдалануға шектеу қоюға қатысты шешім қабылдай алады. Өз жарғысына сәйкес, мұндай шешім қабылдауға мүмкіндік бар», - деді Шолпан Каринова.

Оның айтуынша мектепке смартфонды әкелуге қойылатын тыйым мәселесі бұрыннан бері талқылануда.

«Әртүрлі пайым-пікір бар. Түпкілікті шешім қабылдау үшін аталмыш мәселені зерттейтін боламыз. Әлбетте білім алуда телефон бірталай кедергі келтіретінін атап өту керек», - деді вице-министр.

 

Каринова ұялы телефондар мен гаджеттерге тыйым салуға қатысты әңгіменің қайдан шыққанын да түсіндірді.

"Бір бұйрықтың жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Ондай құжаттар ылғи жарияланады. Негізгі мақсат – қоғамның пікірін білу. Сондай-ақ, әріптестеріміз – педагогтар да өз ұстанымын айта алады. Ал бұйрықтың жобасы талқылаудан алынғаннан кейін порталға түскен ұсыныстар мен ескертулердің негізінде міндетті түрде түзету енгізіледі", - дейді вице-министр.