ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин медиация институтын кеңінен дамытуды тежеп тұрған проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде медиация институтының кеңінен дамуын және оны қолдануды тежеп тұрған проблемалар бар. Олардың арасында халықтың медиация рәсімдері туралы жеткілікті хабардар болмауы мен оған деген сенімнің төмендігі. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, сұралған адамдардың тек 36 пайызы медиация жайында біледі», - деді Данияр Есин Сенатта медиация заңнамасын жетілдіру тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.
Мамандардың пайымынша, медиация рәсімдеріне халықтың сенімін арттыру үшін азаматтық даулар мен әкімшілік істер бойынша сотқа дейінгі кезеңде міндетті түрде медиатормен ақпараттық кеңес жүргізуді енгізу қажет.
«Медиатор жұмысы даудың бастапқы кезеңінде оны тиімді әрі дер кезінде реттеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ соттарға, ішкі істер органдары мен прокуратураға жүктемені азайтады», - деп түсіндірді Д. Есин.
Сонымен қатар ол кәсіби медиаторларды даярлау сапасы мәселесіне назар аударды.
«Бүгінде даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын сертификаты барлар кәсіби медиатор бола алады. Осыған байланысты қазіргі жағдайды ескере отырып, медиаторларды даярлау ережесін қайта қарау ұсынылады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда медиаторларды даярлау бойынша 120-дан астам қоғамдық орталық тіркелген. Алайда оларда бірыңғай баға саясаты, бірыңғай әдістемелік еңбектер мен медиация рәсімдерін жүргізуге арналған шарттар, сондай-ақ оқыған медиаторлар мен берілген сертификаттарды есепке алатын бірыңғай орган жоқ.