13 қаз, 2020 сағат 09:47

Министрлік құс фабрикаларындағы кемшіліктерді атады

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов құс өсіретін фабрикалардағы тексеру нәтижесін айтты., деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Республикасында 64 құс фабрикасы жұмыс істейді, оның ішінде жұмыртқа бағытындағы 35 кәсіпорны бар. Қостанай облысында бір және Солтүстік Қазақстан облыстарында да бір құс фабрикасында құс тұмауы байқалды. Тексеру жүргізу кезінде жұмыс тобы құс фабрикаларының иелері ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтамайтынын, жабайы әрі жыл құстарының құс фабрикаларының аумағында бар екендігі, мал дәрігері біліктілігінің сәйкессіздігі жағдайларын анықтады», - деді Тұрсын Қабдолданов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Осы орайда ол құс шаруашылығы нысаны қызметінің ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестігі биологиялық қауіпсіздіктің кепілі екенін атап өтті.

Сонымен қатар құс тұмауынан келген шығынды өтеу мәселесіне тоқталды. 

«Жалпы, құс шығынын өтеу Статистика комитетінің берген әрбір өңір мен аудан бойынша белгіленген баға арқылы және онда құрылған комиссиясының шешімімен анықталады. 2020 жылғы 7 қазанда облыс әкімдіктеріне осы шараларды жүргізу тәртібі, құжаттар пакетін қалыптастыру кезінде көмек көрсету туралы хаттар жолданды. Қазіргі кезде 15 мыңнан астам құс басына дайындалған құжаттар келіп түсті. Олар бойынша жеке шоттарға 75 миллион теңгеден астам төлем аударылды», - деді Тұрсын Қабдолданов.