17 сәу, 2023 сағат 19:52

Министрлік АҚШ-та танымал болған қазақ жігіті туралы ақпарат жариялады

Фото әлеуметтік желіден алынды

Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та қарулы топпен төбелесіп танымал болған қазақстандыққа қатысты ақпаратты жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, жарақат алған қазақстандықпен консул байланысып отыр.

"АҚШ-тың Майами қаласында жергілікті қарақшылық топ тапанша қолданып, сөмкесін тартып алған. Оның айтуынша, сөмкеде құжаты мен ақшасы болған. Қазіргі кезде құқық қорғау органдары тергеу амалдарын бастады. Сөмкені ұрлағандарды іздестіріп жатыр. Біздің консул ол азаматты тауып, онымен хабарласты. Жергілікті құқық қорғау органдарымен де байланыста. Төбелес кезінде жеңіл жарақат алды. Ол ем қабылдаудан бас тартты. Денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, қарақшылардың сазайын берген жас жігіт тәжірибе алмасу мақсатында АҚШ-қа екі айлық курсқа Латвиядағы аэронавигация институтынан барған. Мамандығы – әуе диспетчері.