21 жел, 2021 сағат 18:49

Министр жұмбақ жағдайда қаза тапқан инспектордың өліміне пікір білдірді


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженовтің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Полиция таратқан нұсқа бойынша марқұм Серік Мәженов аң аулап жүріп қайтыс болған. Үш адам болған. Соның бірі инспектор деп отыр. Бірақ марқұмның отбасы қайғылы оқиға рейд кезінде болғанын айтып отыр. Тіпті оны рейдке аттанғаны туралы қағаз да бар екен. Аумақтық инспекцияның басқа қызметкерлері де полиция ұсынған нұсқаға сенбейтінін айтты. Олар қайғылы оқиға браконьерлерді ұстау кезінде болған деп топшылайды. Егер полиция айтқандай, аң аулап жүрген болса, қасындағы екі адам кім? Ол жерде шын мәнінде не болған? Сізде қандай ақпарат бар?», - деп сұрады бүгін министрден БАҚ өкілі. 

Министр тергеу амалдары аяқталған кезде ғана нақты шындық белгілі болатынын айтты.

«Өкінішке қарай, осындай жағдай болды. Осы сәтті пайдаланып, қайтыс болған әріптестіміздің отбасына министрліктің атынан тағы да көңіл айтқым келеді. Бастапқы нұсқа бойынша, бұл - кездейсоқ орын алған қайғылы оқиға. Қазір тиісті органдар тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда бізде әзірге толық сенімді ақпарат жоқ. Тергеу қорытындысының аяқталғанын күтеміз», - деді Серікқали Брекешев.