27 мам, 2021 сағат 20:15

Министр жас мамандарға: Ұлттық біліктілік тестін тапсырмай, педагог бола алмайсыздар!


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ендігі уақытта үміткерлер мұғалімдікке ұлттық біліктілік тестін тапсыру арқылы ғана қабылданатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сертификаттау да - маңызды мәселе. №338 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп жатыр. Биыл ғана бітірген, мұның алдында білім ордасында жұмыс істемеген, қатарымызға жаңадан қосылатын әріптестеріміз енді мектепке бірден келе алмайды. Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырып, тиісті баллды жинағандар ғана жұмысқа алынады. Ол сертификаттау деп аталады. Мектепке келгеннен кейін де комиссияға сабағын көрсетіп, тек дипломы ғана емес, оның артында білімі, тәжірибесі бар екендігін дәлелдейді. Бұл алғаш рет педагогикалық мамандыққа келіп отырған адамдарға ғана қатысты. Мұның алдында жұмыс істеп жүрген адамдарға қатысты емес. Сіздерге бұл мәселені қадап тұрып, жақсылап тұрып айтамын. Ертең түсінбеушілік болмасын», - деп ескертті Асхат Аймағамбетов республикалық педагогикалық кеңесте.