"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ жекешелендірілгенде барлық шарт сақталады. Өзгеретіні – банк иесі "Бәйтерек" холдингінің орнына стратегиялық инвестор келеді. Бұл туралы ҚР ұлттық энергетика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілістегі үкімет сағатында халық қалаулылары "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" жекешелендірілуіне қатысты біраз мәселені қозғады.
"ТҮҚЖБ жекешелендіру жоспарының басымдыққа ие тізіміне қосылған. Аталған нысанды жекешелендірудің негізгі мақсаты қандай? Жаңа инвестор келгенде, жылдық мөлшерлеме не болады? Банк мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуын жалғастыра ма?", — деп сұрады депутат Петр Шарапаев ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен.
Сүлейменов салымшылар үшін барлық жеңілдікті шарттар сақталатынын атап өтті.
"Бұл мәселе азаматтар үшін өте маңызды. Себебі қазақстандықтардың дені осы банк арқылы баспаналы болуға мүмкіндік алады. Сондықтан аталған нысан жекешелендірілгеннен кейін, "Нұрлы жер" бойынша қарастырылған барлық шарт сақталады. Яғни, салымшыларға 20 пайыз мемлекеттік сыйақы төленеді, қалған шарттар да өзгеріссіз қалады. Өзгеретін жалғыз дүние – банк иесі "Бәйтерек" холдингінің орнына стратегиялық инвестор келеді. Біздің алдымызда тұрған міндеттерді жүзеге асыруда оның рөлі өзгермейді. Жекешелендіруден бізге қосымша қаражат түседі, сондай-ақ жаңа технологиялар, жаңа корпоративтік басқару пайда болады деп үміттенеміз. Қаржы институтының тиімділігі арта түседі деген ойдамыз", — деді министр.
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тажияқов жекешелендірілгеннен кейін де банк мемлекеттің бақылауында болатынын атап өтті.
"Кешенді жоспарға сәйкес ТҮҚЖБ жекешелендіру үлесі 49%-дан аспайды. Бақылау құқығы мемлекетте қалады. Банк, сіздер білесіздер, тұрғын үй құрылыс жинағы туралы заңмен реттеледі, сыйақы бойынша барлық төлем, жеңілдіктер қалады. Біз жекешелендіруден не күтеміз? Біз банк жұмысына жаңашылдық әкелетін стратегиялық инвесторды күтеміз", — деді Тажияқов.
Десек те, Сүлейменов мен Тажияқовтың жауабы депутаттарды қанағаттандырмады. Мәжілісмен Омархан Өксікбаев шенеуніктердің жауабы түсініксіз, нақты емес екенін айтты.
"Стратегиялық инвестор әкелеміз деп түсіндіріп жатыр. Біз бұдан не ұтамыз? Егер стратегиялық инвестор келсе, ол банкке құйған ақшасы үшін өзінің шарттарын қоймай ма? Оның өзінің ережелері болады. Біз оған нені рұқсат етеміз, не табамыз? Ешкім нақты жауап бермейді", — деп ашуланды Өксікбаев.
"Бірінші, ТҮҚЖБ барлық жеңілдікті шарттары сақталады. Екіншісі – ТҮҚЖБ-ның "Нұрлы жер" және мүмкін "7-20-25" бағдарламаларына қатысуы сақталады және меморандумда жазылады. Егер инвестор біздің қойған талаптарымызға көнбесе, біз банкті сатпаймыз. Үшінші, жылдық 20% сыйақы да сол қалпы қалады. Стратегиялық инвестордың алдына осындай шарттар қоямыз. Егер біздің шарттарымызды орындай алатын стратегиялық инвестор табылса, біз оны сатамыз. Егер таба алмасақ, одан әрі қарастырамыз. Бұл біздің халқымыз үшін үш маңызды шарт. Осы үш шартты сақтамай біз банкті сатпаймыз", — деп уәде берді министр Сүлейменов.