Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз үшін бүгін өте ауыр күн, орны толмас қайғы. Айдың күннің аманында Алматы қаласындағы қайғылы оқиға нәтижесінде 5 азаматымыз оққа ұшты. Оның ішінде ішкі істер органдарының екі қызметкері бар. Полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев өз жұмыстарын адал атқарып жүрген қатардағы қызметкерлер еді.
Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөзі бар.
Олар адамгершіліктерімен айналасына абыройлы болып, отансүйгіштіктерімен талайға үлгі бола білді. Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады.
Дархан Сүлеев ішкі істер саласында 18 жыл қызмет атқарса, Нұрбол Байғазиев 7 жылдан бері сапта қызмет етіп келді. Оларды әріптестері қызметіне адал, достыққа берік, жүрегі үлкен азамат ретінде мәңгі есте сақтайды.
Марқұмдардың әке-шешесі, отбасы, туған-туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқым келеді.
Жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын», - деп жазды Ерлан Тұрғымбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, 20 қыркүйекте кешке Алматыда атыс болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушысына, полиция қызметкерлеріне және аулада болған өзге екі адамға аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде бес адам қаза тапты. Екі полиция қызметкері, бір жеке сот орындаушысы және екі тұрғын. Олардың бірі - үйдің жаңа иесі, екіншісі - оның танысы.
1967 жылы туған күдікті ұсталды. Ол 20 жылға немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
