Аймақтық деңгейде ұсақ-түйек пара алу, лауазымын асыра пайдалану, дөрекелік деректері тыйылмай тұр. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министр атап өткендей, кеше өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
«Жоғары лауазымды шенеуніктерден бастап қатардағы қызметкерге дейін «бармақ басты, көз қысты» әрекетке әуестенбеуі тиіс. Біріншіден, біз қоғамдық бақылауға басымдық беріп жатырмыз. Кез-келген бастама үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен пысықталады. Бұдан бөлек, «Адалдық алаңы» деп аталатын жобалық кеңсе арқылы парақорлықтың алдын алуға күш салып жатырмыз. Яғни, министрліктің өзінен бастап, медициналық ұйымдар және медициналық оқу орындарына дейін қырағы қадағаланады.
Екіншіден, Ішкі аудит қызметінің және Өзіндік қауіпсіздік департаментінің жұмысын жандандырдық.
Үшіншіден, дәрі-дәрмекпен қамту және медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында халық белсенділерінің «Қоғамдық бақылау Қазақстан COVID-19» қозғалысына қолдау жалғасады.
Сондай-ақ жұртшылықты жұмылдыра отырып, коронавируспен күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық көмекті үлйестіру процесіне бақылау жүргізіле беретін болады. Бұл ретте, құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері, сала сарапшылары, пациенттік ұйымдар мен салалық қауымдастықтар өкілдері енген Жұмыс тобының қызметі қоймаларда дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың қорына мониторинг жасауға бағытталатын болады», - деді министр.
Сондай-ақ А.Цой Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы бақылауға алынғанын мәлім етті.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі ерекше бақылауға алынды. Біз Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және COVID-19 сұрақтары бойынша 1406 Контакт-орталығының жұмысына талдау жүргіздік. Дыбыстық хабарламаларды «Тәулігіне 24 сағат» жазатын функциясынан бірқатар кемшіліктер анықталды. Олар халықтың күту уақыты ескеріле отырып жойылатын болады.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдар тарапынан артығымен жазылған көрсетілмеген медициналық қызмет көлемдерін анықтау жалғасуда. Цифрлық шешімдердің арқасында жарты жылдың ішінде осы бағытта жалпы сомасы 4,6 миллиард теңгені құрайтын 461 мың ақаулықты анықтадық.
Осы ретте, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп азаматтардың жеке медициналық мәліметтерінің қауіпсіздігін арттыратын боламыз.
Дегенмен, аймақтық деңгейде ұсақ-түйек пара алу, лауазымын асыра пайдалану, дөрекелік жасау деректері тыйылмай тұр. Осы мәселеге терең үңіліп, сараптама жасалуда. Аймақтық құрылымдардың, ведомствоға бағынышты ұйымдардың ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігін арттырамыз.
2020 жылы мемлекеттік қызметтің электронды форматын 90 пайызға жеткіземіз. Осылайша, жемқорлыққа барынша тосқауыл қойып әрі әкімшілік кедергілерді жоямыз. Бөлшек сауда желілерінде дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне мониторинг жасалмаған. Қорыта айтқанда, министрлік жемқорлыққа жол беруі мүмкін тәуекелерді анықтап, оны жою үшін үздіксіз жұмыс істейді», - деді А.Цой.