02 мам, 2018 сағат 13:27

Министр: Сот Ұлттық қор активін бұғаттан шығаруды қарап жатыр

Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаев Брюссельде Қазақстан Ұлттық қорының сот бұғаттаған 22 миллиард доллар активін бұғаттан шығару, я шығармау мәселесі қаралып жатқанын хабарлады, деп жазады Азаттық.

Астанада мәжілістегі жиынға қатысқан соң журналистер сауалына жауап берген Бекетаев соңғы сот отырысы өткен жұмада өткенін, сот Ұлттық қор активіне қатысты мәселені әлі шешпегенін айтты.

"22 миллиард доллар тұтас бұғатта қалады дегенге күмәнім бар. Жеке өз басым барлық сома бұғаттан шығарылады деп үміттенем. Егер ішінара бұғаттан босатылғанның өзінде, ол ақша Статилердің есебіне аударылады деген сөз емес. Бұл - қаржы Бельгиядағы сот түпкілікті аяқталғанға дейін бұғатта болады деген сөз" деді Марат Бекетаев.

Оның сөзінше, әлемдік тәжірибеде суверенді қаржы мен ұлттық банктердің қаржысы бұғатталмайды.

Былтыр желтоқсанда New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттағаны жария болған.

Кейін Астана АҚШ банкінің Ұлттық қор активін бұғаттағанына наразылық білдіріп, Англия Жоғарғы сотына талап-арыз түсірген.

Қаңтар айында Қазақстан билігі Нидерланд соты Қазақстан Ұлттық банкінің "Ұлттық қордың New York Mellon банкіне кастодиалды сақтауға салынған активін бұғаттан босату туралы" талап-арызын қанағаттандырғанын хабарлаған.

Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Стати мемлекеттік органдар өзін "инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын" айтады. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді "алаяқтық жасады" деп айыптайды. Әділет министрлігінің хабрламасында Қазақстанның бұған дейін Статиге қарсы арыз түсіргені айтылады.