04 шіл, 2017 сағат 12:45

Министр: Сирия келіссөзінде деэскалация туралы келісімді орындау талқыланады

Астанада басталатын Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті бесінші кездесуінде Сирияда төрт деэскалация аймағын құру туралы меморандумды іске асыру жолдары талқыланады, - деп мәлімдеді Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов. Келіссөз Rixos President Astana қонақүйінде өтеді.

Астанада журналистерге сұхбат берген Абдрахманов келіссөз негізінен гарант елдер Ресей, Түркия және Иран арасында өтіп жатқанын айтты. Келіссөзге Ресей билігінің жоғары шенді өкілдері, Түркия, Иран сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Сирия үкіметінің делегациясы, Сирия қарулы оппозициясы делегациясының тоғыз өкілі келген.

"Бұл меморандумды іске асыруда деэскалация зоналарының шекарасын айқындау, зоналардың қызмет етуін бақылау, олардың шекараларында қадағалау-өткізу бекеттерін орнату мәселелерін талқылау өте маңызды" деді Абдрахманов. Оның сөзінше, гарант елдер сонымен қатар Сирия территориясындағы ЮНЕСКО қорғауына алынған тарихи, мәдени нысандарды минадан тазарту мәселелерді де талқыламақ.

Абдрахмановтың айтуына қарағанда, Ресейдің Сириядағы қақтығысты тоқтату режимін бақылау орталығының мәліметінше, Сириядағы атысты тоқтату режиміне 65-ке жуық оппозициялық қарулы топтар қосылған.

Бесінші кездесу бастапқыда 12–13 маусымға белгіленңп, бірақ кейінге шегерілген. Осыған дейінгі кездесуде гарант елдер - Ресей, Түркия және Иран Сирияда төрт қауіпсіздік аймағын құру жөнінде меморандум жасаған. Бірақ оппозиция Ресейдің бұл жоспарынан бас тартқан.

Сириядағы жанжалда Иран мен Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдайды. Ал Түркия кейбір қарулы көтерілісшілерді жақтайды.

Азаттық