20 жел, 2021 сағат 12:50

Министр шекарадағы өткізу пунктерін қайта құру жұмыстары туралы айтты


Шекарада 10 өткізу пунктін қайта құру жұмыстары басталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру мен цифрландыруды жалғастыратын болады. Бұл кешенді шараларды іске асырумен байланысты. Біріншіден, тәуекелдерді басқару жүйесінде жасанды интеллект қолдану адами факторды болдырмауға және бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, жасанды интеллектті жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Екіншіден, ірі салық төлеушілердің «Горизонталды мониторинг» жобасын барынша кеңейту. Жобаның негізгі мақсаты - салық төлеушілердің тәуекел операциялары мен олардың салық заңнамасын бұзу туралы ақпараттарын салық төлеушілердің ақпараттық жүйелерінде онлайн-қолжетімділік орнату арқылы уақытылы ескерту. Бұл ірі кәсіпорындарға айыппұл салмай таза жұмыс істеуіне және шығындарын азайтуға мүмкіндік береді», - деді Жамаубаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Министр «Тиісті сақтық» принципін жетілдіруге тоқталды. Бұл бизнеске жосықсыз контрагенттермен мәмілелер жасау тәуекелін болдырмауға көмектеседі. Сондықтан, осы бағытта министрлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтаса отырып, жұмыс істейді. 

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және Ұлттық банкпен электрондық мәліметтер алмасу аясында, салық салу мақсатында, Қазақстан азаматтарының қаржылық шоттары бойынша ЭЫДҰ-ға кіретін 100-ден астам шетелдік юрисдикцияларда ақпарат алмаса аламыз», - деді ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол кедендік инфрақұрылымды жаңғырту және трансшекаралық сауданы бақылауды күшейтуге тоқталды. 

«Алдында айтып өткендей, 10 өткізу пунктін қайта құру/жаңғырту жұмыстары басталды. Оны 2024 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде, бізде заманауи стандарттарға толық жауап беретін өткізу пункттері болады.

Жақында заңсыз сауда айналымымен күресуге және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған мемлекеттік шекарада заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары қабылданды», - деді Жамаубаев.