Қазақстан қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға "тікелей әсері жоғын" айтты. Оның сөзінше, керісінше осындай кезде қазақстандық тауар өндірушілердің Ресей нарығына шығуына мүмкіндік туады.
Астанада сенат жиынының арасында тілшілер Бақыт Сұлтановтан "Ұлттық банк төрағасы, сарапшылар теңгенің құнсыздануы рубльге байланысты екенін айтады. Сол себепті Еуразия экономикалық одағынан шығу керек деген пікірлер айтылып жүр. Осыған не дейсіз?" деп сұрады. Сұлтанов "Интеграциялану бастамасы Қазақстаннан шықты. Сондықтан (одаққа - ред.) қатысушы елдер арасындағы кедергілерді жою жұмыстарын жалғастыру керек. Осындай үлкен нарық арқылы келешекте жаһандық дағдарыстарға қарсы шығуға болады", - деді.
Министр бұған қоса доллар бағамының қымбаттауы "республикалық бюджетке әзірге әсер етпейтінін" және "қосымша шығын келтірмейтінін" мәлімдеді. Ол биылғы бюджет доллардың орташа бағамы 340 теңге деген есеппен бекітілгенін, ал биыл алғашқы алты айда доллар бағамы бұл межеден төмен болғандықтан, жоспарланған қаржы үнемделгенін айтты.
АҚШ-тың таяуда Ресейге жаңа санкциялар салуына байланысты Ресей рублінің құны төмендей бастаған. Осыдан кейін Қазақстан ұлттық валютасы - теңгенің долларға шаққандағы бағамы да төмендей түсті. Қазақстан қор биржасында 6 қыркүйекте таңғы сессияда доллардың орташа бағамы 371 теңге 80 тиынға жетті. Биржа мәліметінше, доллар соңғы бір айда 22 теңге 98 тиынға қымбаттап отыр.
4 қыркүйекте үкімет отырысында сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев келесі жылы Ресейге қарсы санкциялар әсерінен Қазақстанда инфляция деңгейі жоғарылайды деген болжам барын мәлімдеген.
"2019-2020 жылдары инфляция жоғарылап, белгіленген межеден асып түсуі ықтимал. Бұл ең алдымен, Ресейге қарсы санкциялармен байланысты болмақ. Екіншіден, бұған ұлттық валютаның құнсыздануы, үшіншіден, мұнай бағасының арзандауы әсер етеді. Бұл әлеуметтік шығындар мен несие көлемінің артуымен де байланысты" деген Данияр Ақышев.