Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк инфекциясынан көз жұмғандардың отбасыларына көңіл айтты және олармен жолығу жоспары туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Көз жұмғандардың отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Мүмкіндігімізге қарай олармен кездесуге тырысамыз», - деді Біртанов Үкімет отырысынан кейін кулуарда.
Сондай-ақ, Біртанов Үкімет отырысында Қазақстандағы менингококк инфекциясы бойынша қалыптасқан жағдайды бағалау үшін Алматы қаласы мен облысына іс сапармен баратынын айтқан болатын.
«Бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін бағалау мақсатында Алматы қаласы мен Алматы облысына сапарға шығуды жоспарлап отырмын. Іс сапар қорытындысы бойынша қажет болған жағдайда қабылданатын шараларға өзгерістер енгізілетін болады», - деді министр Үкімет отырысында.
Ол іс-сапарында ең алдымен республикалық штаб бекіткен және жоспарлаған іс-шаралардың қалай орындалып жатқанын бағалайтынын айтты.
«Қоғамдық денсаулық комитеті өткізетін профилактикалық және індетке қарсы іс-шаралардың қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқанын анықтаймыз. Екіншіден, медициналық көмек көрсететін ұйымдардың, соның ішінде жедел көмек көрсететін ұйымдарды халық жазғырып жатыр. Бұл Алматы қаласы мен облысының денсаулық сақтау басқармаларына қатысты жағдай, осы себепті сол жерге барып жұмысын бағалау қажеттілігі туындап отыр», - деді ол.