19 қыр, 2022 сағат 16:18

Министр Маңғыстаудағы фельдшерлердің наразылығына пікір білдірді


Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Маңғыстау облысында бір аптаға жуық жұмысқа шықпаған фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты жағдайдың қалай шешілгенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"Осы жылдан бастап медициналық емес қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті. 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға арттырылатын болады. Өткен жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті, биыл денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық емес қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Бізде дәрігерлердің орташа жалақысы - 350 мың теңге, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы - 230 мың болса, жүргізушілер 100 мың алады. Біз біртіндеп көтеретін боламыз", - деді Ғиният.

Бірақ ол наразылыққа шыққан жүргізушілердің жалақысын дәрігерлер деңгейіне дейін, яғни 350 мың теңгеге дейін көтеруді талап еткенін түсіндірді.

"Бұл мүмкін емес. Денсаулық сақтау жүйесіндегі жалақы осындай. Кез келген маман жұмысқа қабылданған кезде, жалақы шартта келісіледі. Олар осы ақыға келісіммен жұмысқа орналасты. Бүгінгі күні оқиға аяқталды, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар жұмысқа шықты", - деді министр.