03 қыр, 2022 сағат 15:35

Министр қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы қашан жаңаша белгіленетінін айтты


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ең төменгі жалақыны көтеру тәртібін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Биылғы жолдауда Президент ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырған. Осының арқасында 1,8 миллион адамның табысы артады.

Дүйсенованың айтуынша, ең төменгі жалақыны көтеру үшін алдымен есепқисап жасау қажет. Бұл жұмысқа халықаралық сарапшылар да тартылады.

"Бұл тапсырманы орындау үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына ең төменгі еңбекақы көлемін 60 мыңнан 70 мыңға дейін өсіру туралы қыркүйек айында өзгеріс енгізіледі. Ал ең төменгі еңбекақыны анықтау және оны кезең-кезеңімен өсіру методикасын әзірлеу үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларын тарта отырып, зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жаңа методиканы 2023 жылдың наурыз айына дейін дайындаймыз. Ал келісілген методиканы және ең төменгі еңбекақыны арттыру механизмдері 2023 жылдың желтоқсан айына дейін ең төменгі әлеуметтік стандарттар туралы заңға және еңбек кодексіне енгізіледі" , - деді ол Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осылайша, ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге дейін көтеріледі.