27 қар, 2020 сағат 14:55

Министр Қазақстанда қатаң карантин қашан енгізілуі мүмкін екенін айтты

Қазақстанда желтоқсан немесе қаңтар айларында қатаң карантин шаралары енгізілуі мүмкін бе? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында бұл сұрақ Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сіздер білесіздер, біз апта сайын деректерді талдап, алдағы кезеңдерге де болжам жасаймыз. Қазіргі сценарий бойынша желтоқсан-қаңтар айларында карантин шаралары күшеюі мүмкін екенін көріп отырмыз. Бәрі бүгінгі жағдайды қалай бақылауға алатынымызға байланысты. Қазір коронавирус өршіген кейбір өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Шығыс Қазақстанда мәселен жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің төмендеу тенденциясын бақылаудамыз», - деді Алексей Цой. 

Министр әйтсе де, жұқтыру бойынша өсім болатынын мәлім етті. 

«Ең бастысы – жағдайды бақылауда ұстау. Қазір инфекциялық ауруханалар 22 пайызға, жансақтау төсектері 17 пайызға жүктелген. Яғни, резерв бар. Сондықтан қазір уайымдаудың қажеті жоқ. Бәрі бақылауда», - деді ол.