Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елімізде интернеттің сапасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Неге интернет әлсіз? Бұған қатысты бірнеше себеп бар.
Біріншіден, бізде интернет сапасы бойынша қатаң заңнамалық талаптар жоқ. Екіншіден, телекоммуникация желісінің 90 пайызы радиорелелік желіде және әуе байланыс арналары бойынша салынған», - деді министр цифрландыру тақырыбы бойынша Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Сонымен қатар Мусин телекоммуникациялық операторлардың қызметіне төмен айыппұлдар белгіленгенін атап өтті. Осы орайда тек 100 АЕК сомасында ғана айыппұл салынады.
Радиожиілік саласындағы «латифундизм» мәселесіне тоқталған министр: «бұл дегеніміз - кіші телеком операторлар өздеріне радиожиіліктер алып, оларды қызмет көрсету үшін пайдаланбауда. Радиожиілік ресурстарды тиімді қолдану маңызды екені түсінікті. Біз арнайы аудит жасап, пайдаланылмай келе жатқан жиіліктерді мемлекетке қайтарып алуды жоспарлаудамыз. Бірақ ол үшін тиісті стандарттар мен заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», - деді.