30 сәу, 2021 сағат 14:36

Министр денсаулық сақтау ұйымдарындағы сервисті жақсартуға уәде берді


Бүгін халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой салада жоспарланған қадамдарды жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Денсаулық сақтау саласында қажетті қайта құру векторын айқындау үшін біз денсаулық сақтау жүйесінің одан әрі даму перспективаларының пайымын қалыптастырдық. Олар денсаулық сақтау тиімділігін арттыруға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Ұсынылған модельде біз пациенттің қажеттіліктеріне басты басымдық беруді жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Оның айтуынша, осы қажеттілік негізінде денсаулық сақтау ұйымдарындағы сервисті жақсарту, медициналық ұйымдарды қажеттілікке сәйкес кадрлық қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудағы процестерді автоматтандыру және ақпараттандыру бөлігінде жедел шешімдер қабылдануы тиіс.

«Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қажетті стандарттарды, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, ең алдымен, халықтың қажеттілігіне қарай қалыптастырылатын болады. Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру үшін медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудың жаңа объектілерін салу немесе тозған объектілерді жөндеу бойынша шаралар қабылданатын болады», - дед А. Цой.

Нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесі мынадай бағыттар бойынша жетілдірілетін болады:

1. Ауылға басымдық бере отырып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.

2. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті одан әрі күшейту.

3. Медицина қызметкерлері құзыреттерінің өсуін ынталандыру.

4. Халық үніне құлақ асатын денсаулық сақтау.

5. Пациенттің дәрілік және биологиялық қауіпсіздігі.