Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталған Қайрат Сатыбалдының өзіне тағайындалған жазаны жеңілдету туралы өтініш беруіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
Бұған дейін «Қазақтелеком» және «Көліктік сервис орталығы» компанияларының қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталып, 6 жылға сотталған Қайрат Сатыбалды Қылмыстық-атқару жүйесінің Шығыс Қазақстандағы департаментіне мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш жолдағаны туралы мәлімет тараған еді.
Астанадағы адам құқықтарын қорғау заңнамасын жетілдіруге арналған халықаралық конференция барысында журналистер Бас прокурордың орынбасарынан осы мәлімет туралы пікірін сұрады.
«Кез келген сотталған азаматтың мерзімінен бұрын босату немесе жаза түрін ауыстыру туралы өтініш түсіруге құқығы бар. Бірақ біраз қылмыс бойынша ондай құқықты қолдануға тыйым салынады. Атап айтсақ, террористік, экстремистік, жемқорлық баптары бойынша сотталғандар жазадан босатылмайды. Бұл аталғандардың бәріне емес, бірақ шектеулер бар. Қайрат Сатыбалдыға келсек, ондай арыз беруге құқығы бар. Ол арыз сотта қаралады. Сот шешімі қандай болатынын қазір ешкім айта алмайды. Ол арыз берген соң бірден босатады деп те ешкім айта алмайды. Процесс бір айдың ішінде қаралуы мүмкін. Бұл жерде сот отырысы қашан болатынына байланысты. Ал отырыстың қашан өтетінін сот органдарынан білгендеріңіз дұрыс», — деді Елдос Шындалиев.
Журналист Бас прокурордың орынбасарынан сот Қайрат Сатыбалдыны айыпты деп таныған баптар оның мерзімінен бұрын босауына қаншалықты кедергі болатынын нақтылады.
«Жалпы ол баптар ондай мүмкіндік береді. Бірақ жаңа да айтқанымдай, бұл тек оның құқығы. Ол құқығын қаншалықты қанағаттандыратынын сот қарайды. Сот қарағанда да жазаны өтеу кезіндегі мінездемесі қандай болғанын, сотталардың алдындағы мінездемесі қандай болғанын, соның бәрін тікелей, кешенді түрде қарайды. Содан кейін барып шешім қабылдайды. Бұл жерде ерекше айту керек, аталған азамат түсірген өтініштің мәні мерзімінен бұрын босату емес, сот белгілеген жазаны өзгерту туралы болып отыр», — деді Бас прокурордың орынбасары.