Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия мүшелеріне артылған жауапкершілікті түсіну керек екенін айтты.
«Партиямыздың дамуының жаңа кезеңге келіп отырғанын бәріміз түсініп отырмыз. Заман өзгеріп жатыр. Жағдай өзгереді. Nur Otan жетекші күш ретінде саяси басшылықты бекітіп, стратегиялық бағыттан ауытқымау үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс. Біз - Қазақстанның, халықтың ортасындағы елді жетелейтін, елге түсіндіретін ұйымбыз. Мұны орындамасақ, онда біздің орнымызға басқа партия келеді. Сондықтан жауапкершілікті түсінуіміз керек», - деді Назарбаев партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Елбасы 2050 жылға қабылдаған бағдарламада 30 дамыған елдің қатарына кіреміз деген мақсат қойғанымызды атап өтті.
«2050 жылға қабылдаған бағдарламада 30 дамыған елдің қатарына кіреміз деген мақсат қойдық. Барлық бағдарламаларды соған байланысты және сол мақсатқа жету үшін жасап жатырмыз. Индустриалдық бағдарлама, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, үй құрылысы, медицина, ағарту жұмыстары, барлығы жасап жатқан жұмысымыз – бір бағытқа, бір мүддеге жету мәселесі. Сондықтан бәріміздің ойымыз осы мақсатқа жету болуы керек», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Бұған қоса, Назарбаев 2015 жылдан бастап елімізде бес институционалдық реформаны жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды. Ол: тиімді мемлекеттік аппарат, заң үстемдігі, экономикалық өсім, болашағы бір ұлт, транспарентті және есеп беретін мемлекет.