12 қаз, 2020 сағат 12:17

Миллиардер Әлішер Усманов Өзбекстанда орыс тілін оқытуды жетілдіру бағдарламасына қаржы құйды

Өзбекстан, Ресей білім министрліктері және Әлішер Усмановтың "Өнер, ғылым және спорт" қайырымдылық қоры Өзбекстанда орыс тілін оқыту сапасын жетілдіруге бағытталған "Класс!" бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, Ресей тарабы құжатқа қол қою үшін Ташкентке 11 қазанда келген.

Жобаның алғашқы кезеңінде 32 ресейлік әдіскер маман Өзбекстанға келіп, елдегі орыс тілі оқытушылары мен оқушылардың тілді меңгеру деңгейін зерттеген.

Жыл соңына таман тағы 100 ресейлік маман келеді деп айтылады. Жобаға сәйкес, осылайша жыл сайын Ресейден 100 маман келіп отырады.

Меморандумға қол қою рәсімі кезінде Әлішер Усмановтың видеомәлімдемесі де көрсетілген.

"Өзім мектепті орыс тілінде бітіргендіктен тарихи отанымда Өзбекстан мен Ресей үкіметінің орыс тілді оқыту бойынша осындай ұзақмерзімді әрі стратегиялық бастамасын қолдағаныма қуаныштымын. Бұл бастама сәтті жүзеге асады және Өзбекстан халқы арасында сұранысқа ие болады деп ойлаймын" деді Усманов.

6 қазанда Өзбекстан білім министрі Шерзод Шерматов өзбек мектептерінде орыс тілі ғана емес, ағылшын тілін оқытуға да ерекше көңіл бөлінеді деп айтқан.

Әлішер Усманов – USM Holdings компаниясы мен "Коммерсант" баспа үйінің негізгі акционері. Forbes журналының Ресейдегі ең бай кәсіпкерлер тізімінде Усманов жетінші орында тұр. 2015-2019 жылдары ол қайырымдылық мақсатына 1,3 миллиард доллар жұмсаған, оның 400 миллион доллары 2019 жылдың үлесінде.

2018 жылдың басында АҚШ қаржы министрлігі Әлішер Усмановқа қарсы жеке экономикалық санкция салды. Оны Ресейдегі Кремльмен байланысы бар, саяси беделі ең жоғары олигархтардың бірі деп атады. АҚШ қаржы министрлігі сондай-ақ Усмановтың меншігіне Ресейдің бірқатар белді басылымдары кіреді деп атап өткен. New York Times, Guardian және тергеу журналистері консорциумының зерттеуінше, Әлішер Усманов Facebook желісіне 200 миллион доллар қаражат құйған.