Фото: НИЯУ МИФИ
Қазіргі таңда әлем назары техникалық мамандықтарға ауып отырғанда Қазақстан одан шет қалуға ниеті жоқ. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік мамандықтарға ерекше назар аударады, тіпті Қазақстанда шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашуға бастамашы болды. Сондықтан атом электр стансасының құрылысы қарсаңында біздің елде Ресей Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды. Қысқа уақыт ішінде ЖОО жастарға сапалы білім беріп, Қазақстандағы өз орынын айқындап үлгерді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: "Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары еңбек нарығындағы нақты сұранысқа бейімделуі және елдің жаңа экономикалық саясатының міндеттеріне сәйкес келуі тиіс", - деді.
Президенттің тапсырмасы бойынша өткен жылы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мемлекеттік білім беру тапсырысы 145 мың орынға дейін ұлғайтылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық. Бұл туралы ҚР Білім министрлігі хабарлады.
2022 жылғы қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет отандық жоғары оқу орындарына озық шетелдік тәжірибені енгізу қажеттігін мәлімдеп, Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдарын ашу бастамасының басталғанын жариялады.
2022 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасының Үкіметі Алматы қаласында "МИФИ" Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалын ашу туралы Қаулы қабылдады.
"МИФИ" дегеніміз не?
"МИФИ" Ұлттық ядролық зерттеу университеті - Ресейдегі ең мықты техникалық университеттердің бірі. Университет физика, ядролық технологиялар, IT және инженерлік ғылымдарға маманданған. МИФИ студенттерге сапалы білім, ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігі мен одан әрі кәсіби даму үшін жақсы негіз қалыптастырады.
Университет өкілдері МИФИ-дің басты артықшылықтарының бірі – жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы, заманауи зертханалық инфрақұрылым және Ресей мен шетелдің жетекші ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс.
Студенттер халықаралық жобаларға, соның ішінде CERN-мен ынтымақтастыққа қатыса алады. QS World University Rankings сияқты халықаралық рейтингтерде МИФИ тұрақты түрде Ресейдің үздік он жоғары оқу орындарының қатарына кіреді.
Алматы филиалы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ашылды. Бірақ толығымен дербес ұйым болып саналады және барлық жерде мойындалатын ресейлік үлгідегі диплом береді. Филиал үш білім беру бағдарламасы бойынша оқытуды жүзеге асырады: "Ядролық энергетикалық қондырғыларды пайдалану", "Киберфизикалық жүйелер мен қондырғылардың электроникасы және автоматикасы " және "Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері". Үш жыл бойы студенттер Алматыдағы МИФИ филиалында және 1 жыл Мәскеудегі негізгі кампуста оқиды. Онда студенттер әлемдік деңгейдегі зертханаларға және заманауи ғылыми инфрақұрылымға қол жеткізе алады.
Оқу процесі МИФИ стандарттары бойынша толығымен құрылған: пәндердің 50%-дан астамын Мәскеуден келген оқытушылар жүргізеді. Олардың арасында халықаралық ғылыми ынтымақтастықта жұмыс істейтін ғалымдар бар. Бұл білім берудің халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, қабылдау ережелерінің маңызды ерекшелігі – талапкерлер қабылдау емтихандарын жыл бойына бірнеше рет тапсыра алады. Университет өкілдері бұл қабылдау мүмкіндігін арттырады және процесті икемді және ашық етеді деп санайды.
МИФИ Ұлттық зерттеу ядорлық университетінің Алматы филиалына түсу бюджеттік негізде Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру гранты есебінен де, ақылы негізде де жүзеге асырылады. 14.03.02 "Ядролық физика және технологиялар" бағыты бойынша бакалавриат бағдарламасына түсушілер үшін үш пән бойынша түсу емтихандары көзделген — орыс тілі, математика және физика. Ал 09.03.01 "Информатика және есептеу техникасы" бағыты бойынша емтихан орыс тілі мен математика бойынша өткізіледі. Түсу үшін ең төменгі шекті балл әр пән бойынша 100-ден 40-ты құрайды. Емтихандар жазбаша түрде өткізіледі. Бұл ретте ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері ескерілмейді.
Магистратураға түсу үшін оқыту бюджеттік және ақылы негізде де қолжетімді. Қабылдау сынағы әңгімелесу түрінде өткізіледі. Ең төменгі өту баллы 100-ден 80-ді құрайды. Кешенді тестілеу (КТ) нәтижелері есепке алынбайды.
Екі жылдағы қарқынды даму
"Екі жылдан кейін бұл филиал толығымен қалыптасып, сенімді даму жолына түсті деп айтуға болады. Заңнама мен білім беру жүйесіндегі айырмашылықтардан туындаған қиындықтарға қарамастан, айтарлықтай алға басу бар. Қазіргі уақытта филиалда екі бағыт бойынша жүзге жуық студент оқиды. Ал үшінші курс студенттері Мәскеудегі бас университетте оқуын жалғастыруда", - дейді осы оқу орнының оқытушысы, PhD докторы Дмитрий Юрьевич Соколов.
Дмитрий Юрьевичтің айтуынша, филиалда жыл сайын Халықаралық физика-математика олимпиадасы өткізіледі. Оның нәтижелері түсу емтихандарының орнына талапкерлерге есептеледі. Олимпиадаға Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 10-11 сынып оқушылары белсенді қатысады.
Филиалдың ашылуынан бастап алғашқы маңызды қадамдардың бірі сапалы оқу базасын қалыптастыру болды: бірінші жылы толық жабдықталған аудиториялар мен компьютерлік сыныптар ашылды.
"Бұл жерде ҚазҰУ мен "Росатомның" қолдауы үлкен рөл атқарды. Дәл осы ынтымақтастықтың арқасында қысқа мерзімде инженерлік-физикалық білім беру деңгейіне сәйкес жағдай жасауға мүмкіндік туды", - дейді маман.
Филиал сонымен қатар ірі іс-шараларға белсенді қатысады. Мысалы, филиал қызметкерлері Алматыдағы "FIZMAT Education Fair – 2024" халықаралық көрмесінде университетті таныстырды. Сонымен қатар, филиал үнемі ашық есік күндерін өткізеді. Талапкерлер мен қоса ата-аналар оқытушылармен, білім беру бағдарламаларымен және оқу процесіне жалпы көзқараспен жақынырақ таныса алады.
"Жалпы, филиалдың аз уақытта құрылғанына қарамастан, ол өңірдің академиялық және ғылыми өмірінде өз орнын ала алды. Ең бастысы – Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие жоғары технологиялар саласындағы болашақ мамандарды даярлау бойынша білім беру алаңы", - дейді МИФИ АФ оқытушысы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Тимур Ахатович Тухфатуллин.
МИФИ-дің болашағы қандай?
МИФИ Ұлттық зерттеу ядорлық университеті - Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Онда үш Нобель сыйлығының лауреаты оқып, жұмыс істеді. Қазақстанда бұл университет әлі кең таныла қоймаған, алайда оған деген қызығушылықтың артуы оқу ордасы болашағының зор екендігін куәландырады.
"Мен Филиалдың болашағы өте жарқын деп санаймын. Ол ұзақ уақыт жұмыс істемесе де, қазір оның күшті білім беру алаңы екенін көруге болады. Мұнда сапалы оқыту, заманауи технологиялар мен халықаралық тәсіл сәтті үйлеседі. Қазақстанда инженерлік және техникалық бағыттарға, әсіресе атом энергетикасына, IT, физикаға қызығушылық артып келеді. Сондықтан болашақта филиалдың маңызы артуы мүмкін. Филиалдың ең үлкен артықшылықтарының бірі - Мәскеудегі Бас университетпен тығыз байланыста болуы", - дейді Тимур Ахатович.
Оның айтуынша, студенттер мықты теориялық дайындықпен қатар заманауи зертханаларға, ғылыми жобаларға, соның ішінде халықаралық деңгейге қол жеткізе алады. Мұның бәрі мұнда оқуды шынымен құнды етеді және болашақ кәсіби дамуға жақсы мүмкіндіктер береді.
"Бөлшектер физикасы және космофизика" білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Тимур Громов өзінің болашақ мамандығын ядролық физик ретінде анықтап, ҰЗЯУ МИФИ түсетінін бірден түсінді. Өйткені, бұл университет ядролық физика және технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.
"МИФИ-де олар іргелі білім береді. Біз әр пәнді және әр тақырыпты жан-жақты және терең зерттейміз. Сондықтан оқуды бітіргеннен кейін біз еңбек нарығына жоғары білікті маман ретінде шығамыз", - дейді Тимур.
Университет түлектерінің көпшілігі диплом алғаннан кейін мамандық бойынша жұмыс таба алмаса, МИФИ-де жағдай керісінше деп санайды "Бөлшектер физикасы және космофизика" білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Жамбыл Дінмұхаммед.
"Менің ойымша, болашақта жұмыс берушілер біз сияқты мамандар үшін бәсекеге түседі. Себебі Қазақстанда мұндай мамандар өте аз", - дейді студент.
МИФИ түлектеріне сұраныс артып келеді
Атом энергетикасы саласы бүгінде Қазақстан үшін өте өзекті. Энергияны тұтыну артып келеді және сұрақ туындайды: сенімді және экологиялық таза энергия көзін қайдан алуға болады? Осыған байланысты Тимур Ахатович атом энергетикасына деген қажеттілік өскен сайын кадр мәселесінің өзектілігі де арта түсетінін атап өтті.
"Атом энергетикасы тұрақты және экологиялық таза энергия көзі. Бұл ауа-райына тәуелді емес және көміртегі шығарындыларын, сондай-ақ атмосферадағы басқа зиянды заттарды азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, Қазақстанда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешім қабылданды. Екінші стансаны салу мәселесі де қаралуда. Сондай-ақ, Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналатынын атап өткен жөн. Мұның бәрі білікті мамандарға тұрақты қажеттілік туғызады. Ал ядролық технологиялар саласындағы білім мен ғылымды дамыту стратегиялық маңызды бағытқа айналуда", - дейді Тимур Ахатович.
Қазақстан индустрияландыруға, жоғары технологияларды дамытуға және инженерлік кадрларды даярлауға үлкен мән беретінін ескере отырып, Алматы филиалын кеңейту әбден мүмкін және оның қисыны бар деп есептейді Тимур Тухфатуллин.
Оның айтуынша, қазір университетте оқытылатын мамандықтарға сұраныс бар және болашақта ол тек артуы мүмкін.
Дмитрий Юрьевичтің айтуынша, жоғары курс студенттері филиалдан тыс жерде оқуын жалғастырса да, контингент саны жыл сайын оқуға түсушілер санының өсуіне байланысты артып келеді.
"Сондықтан келесі жылы филиалды кеңейту қажет болуы мүмкін. МИФИ-де оқыту практикалық мәселелерді шешуге және нақты жағдайда жұмыс істеуге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған. Алдағы АЭС құрылысы туралы жаңалықтар мен кадрларға деген қажеттілік талапкерлер мен олардың ата-аналарының қызығушылығын арттырады", - дейді ол.
Білім сапасы бірінші орында
Алматыдағы филиалы МИФИдің оқу бағдарламалары мен стандарттары бойынша құрылды, Сондықтан мұнда жоғары талаптар қойылады. Әдетте екінші курста студенттер бірінші курсқа қарағанда аз болады. Себебі, кейбіреулер емтихандарды еңсере алмайды. Оқытушылар тек оқуға ынталы және қызығушылық танытқандар ғана таңдалады дейді.
"Мен бірінші және екінші семестрде сабақ беремін, тіпті бір семестрде де студенттер саны әр түрлі болуы мүмкін. Себептер де әртүрлі, отбасылық жағдайлардан бастап қарапайым "жалқаулыққа" дейін. Осы жылдар ішінде мен екі мамандық бойынша үш топпен жұмыс істедім. "Бөлшектер физикасы және космофизика" бағыты бойынша бірінші жылы 8 адам, екінші жылы 9 адам, ал биылғы оқу жылында 20 адам болды. "Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері" бағыты бойынша — 50, 27, 25 студент. Оқу жылының соңында жазда зертханада жұмыс істегісі келетіндер болды. Олардың екеуі сабақтан тыс жобалар бойынша ғылыми зерттеулермен айналысты, төмен температура физикасы, ИҚ спектроскопиясы және тағы сол сияқты әртүрлі салаларда тәжірибе жинады және өз бастамаларын көрсетті", - деді Дмитрий Юрьевич.
МИФИ мамандығына сұраныс Қазақстанда да, Ресейде де тұрақты жоғары. Университет негізгі бағыттар бойынша мамандар дайындайды: атом энергетикасы, ақпараттық қауіпсіздік, қолданбалы физика, есептеу технологиялары. Түлектер энергетикада да, жоғары технологиялық салаларда да, ғылыми орталықтарда, соның ішінде CERN немесе Біріккен ядролық зерттеулер институты сияқты халықаралық жобаларда сұранысқа ие.
"МИФИ-ге түсуге қойылатын талаптар жоғары. Университет мықты теориялық базамен қатар практикалық тәжірибе алуға, зертханаларда жұмыс істеуге, ғылыми зерттеулер мен тағылымдамаларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл университет Ресейден тыс жерлерде де танымал. Халықаралық брендке айналды және оның дипломы өте жоғары бағаланады.
Қазақстанда бұл бағыттарға, әсіресе АЭС құрылысына, цифрлық трансформацияға және ғылым мен технологияларды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатқа байланысты қызығушылық артып келеді", - деді Тимур Ахатович.
Еліміздегі білім деңгейінің көрсеткіші ретінде Мария Склодовская-Кюри атындағы МАГАТЭ стипендиялық бағдарламасына Алматы мен Теміртаудан қыздар іріктеліп алынды деп есептеуге болады.
"Бұл ерекше қыздар өздерінің эрудициясымен және кәсіби дайындығымен, ұтымды ойлауымен, мақсатымен, сондай-ақ жарқын, позитивті мінезімен ерекшеленеді. Олардың екеуі де 500-ден астам қатысушының арасынан жүзге жуық жеңімпаз қатарына кіргені кездейсоқ емес", - деп отыр университет.
Мария Склодовская-Кюри атындағы МАГАТЭ стипендиялық бағдарламасы – бұл атом энергетикасы, ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған беделді марапат. Бағдарлама гендерлік теңдікті сақтап және ядролық мамандықтар бойынша магистратурада оқуға арналған стипендиялармен қатар МАГАТЭ-де тікелей тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Студенттердің жетістіктері – университет еңбегі
Филиал шамамен үш жыл жұмыс істегенімен, студенттер қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетуде. Олар ғылыми байқауларға, олимпиадаларға, хакатондарға белсенді қатысады және жүлделі орындарға ие болады.
Мысалы, 2024 жылдың маусым айында Алматыда "Росатом" ұйымдастырған ірі IT-хакатон өтті. Оған Қазақстанның жеті жоғары оқу орнынан 13 команда қатысып, МИФИ командалары бірінші және үшінші орындарға ие болды. Биылғы жылы ҰЗЯУ МИФИ Алматы филиалының базасында Global hackatom студенттік чемпионатының ұлттық кезеңі өтті. Нәтижесінде МИФИ студенттері жүлдегерлер қатарына енді.
Сонымен қатар, көктемде студенттер ядролық физика және ядролық технологиялар бойынша Ресейдің студенттер олимпиадасына қатысты.
"Мұның бәрі студенттердің жай ғана үйреніп қана қоймай, өз білімдерін іс жүзінде қолдануға ұмтылатындығын, мамандыққа алғашқы маңызды қадамдар жасайтындығын көрсетеді", - дейді ол.
МИФИ-де білім алу – елдің дамуына қосатын нақты үлес
Студенттер мен түлектер Алматыдағы МИФИдің филиалында оқытылатын мамандықтар Қазақстанның болашағының кадрлық резервін қалыптастырады деп есептейді.
"ForteBank" АҚ-дағы IT-бөлшек бизнес бағытының басшысы (head of it Retail Business), "Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері мен технологиялары" бағдарламасының 1-курс магистранты Владислав Данкевич, алған білімдер Қазақстанның IT-саласына әлемдік тәжірибе мен заманауи стандарттарды енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Біз дайын шешімдерді қолдануға ғана емес, оларды бейімдеуге, озық технологиялардың жергілікті аналогтарын дамытуға және жасауға тырысамыз. Осылайша, біз елдің цифрлық трансформациясына, үздік тәжірибелерді игеруге және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық сауатты мамандар буынын қалыптастыруға өз үлесімізді қосамыз", - дейді Данкевич.
"Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері мен технологиялары" бағдарламасының түлегі, қазір Vergram ЖШС-де тестілеуші болып жұмыс істейтін Мейір Еділханұлы университеттің Алматы филиалында оқытылатын мамандықтардың өзектілігін атап өтті.
"Менің мамандығым "Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері мен технологиялары" – Қазақстанда үлкен болашаққа ие. Экономиканы белсенді цифрландыру жағдайында тұрақты және қауіпсіз IT-инфрақұрылымдарға және үлкен деректерді өңдеу жүйелеріне сұраныс артып келеді. Бұл әсіресе энергетика, қорғаныс, мемлекеттік басқару және қаржы сияқты салаларға қатысты. Бұдан басқа, таяу болашақта Қазақстанда атом электр стансасының құрылысы жоспарлануда. Бұл өз кезегінде заманауи автоматтандырылған және қорғалған есептеу жүйелерін енгізуді талап етеді. Сондықтан менің мамандығымның мамандары үшін қосымша мүмкіндіктер ашылуда. Мұндай стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі мен сенімділігі цифрлық шешімдер мен есептеу платформаларының сапасына тікелей байланысты", - дейді Мейір Еділханұлы.
Ол сондай-ақ МИФИ-де алынған білім елдің дамуына нақты үлес деп санайды.
"Біз энергетикалық қауіпсіздік және технологиялық егемендік сияқты стратегиялық маңызды салаларда жұмыс істеуге дайындалып жатырмыз. Бұл жай ғана техникалық білім емес, ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталған дайындық жүйесі. Өз мамандарын даярлау – бұл Қазақстанның болашағына салынған инвестиция", - дейді ол.
