Жас жұбайларды тікұшақтан мейрамхана алдына түсірген ұшқыш қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Азаматтық авиация комитетінің ақпаратына қарағанда, оқиға шамамен Шу қаласында болған.
«2019 жылдың 15 шілдесінде бірқатар БАҚ-та № UP-RB006 тіркеу нөмірлі R-44 тікұшағын қондыру сәті бейнеленген видео жарияланды. «Falcon Avia» ЖШС-не тиесілі тікұшақ елді мекен аумағында (шамамен Шу қаласы) қонған. Осылайша, ҚР Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 509 бұйрығымен бекітілген азаматтық авиацияда ұшу қағидаларының 423-тармағының ережесі бұзылған», - делінген азаматтық авиация комитетінің мәліметінде.
Аталған оқиға бойынша ҚР Азаматтық авиация комитеті елді мекен аумағына қонуға жол берген ұшқыш А. В. Матвиенконы ұшудан шеттетті. Сондай-ақ, «Falcon Avia» ЖШС-нің ұшу процестерін ұйымдастыру жұмыстарын тексеру үшін инспекциялық комиссия жіберілген.
Айта кетсек, әлеуметтік желілерде жас жұбайлардың үйлену тойына тікұшақпен келген видеосы тараған болатын.