Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда "Хабар 24" арнасына берген сұхбаты неліктен орыс тілінде болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл - ешқандай да кемсітушілік емес.
"Бұл - ешқандай да кемсітушілік немесе менсінбеушілік емес. Осыған дейін көптеген телеарна менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған болатын. Мен олардың ешқайсысына келіскен жоқпын. Кейін тек "Хабар" арнасына ғана сұхбат беремін деп шештім. Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты, соларға тоқтау салу керек болды. Сол сұхбат орыс тілінде жасалды. Өйткені, Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпаратты, ең алдымен, әлем жұртшылығына беру керек еді", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды.
"Оны өзіңіз білесіз. Қалай десек те, орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал, қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын", - деді Тоқаев.