11 қаң, 2022 сағат 14:53

Меморгандардың ақпараттық жүйелерін ресми ресурс деп тану керек – Тоқаев


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында меморгандардағы бюрократияны жоюдың жолдарын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тағы бір мәселе – бюрократияның етек жаюы. Ол азаматтардың санасында мемлекеттік аппарат туралы баяу жұмыс істейтін немқұрайлы машина деген әділ түсінік қалыптастырады.

Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бәрімізге емделу керек. Реформаның формасы емес, мазмұны басымдыққа айналуы керек. Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тәсілдері өткеннің еншісінде қалуға тиіс. Үдерістен ақырғы нәтиже маңызды. Өзін-өзі ақтамайтындай деңгейде күрделіндірілген және үдерісті шынымен баяулататын шешімдердің бәрі жойылуы керек», - деді Президент. 

Оның пайымынша, қазір меморгандар тапсырмаларды іске асыруда бюрократиялық жағына көп мән береді. 

«Формасы бойынша үлгілі, бірақ мазмұны бойынша қатты сұрыпталған құжаттар әзірленіп жатыр. Негізгі интеграциялық жүйелердің бар болғанына қарамастан, меморгандар макулатураны қаптатып, мәнсіз хат алмасуын қояр емес. Мемлекеттік органдардың аталмыш ақпараттық жүйелерін қағазбен дәлелдеуді қажет етпейтін ресми ресурс деп тану керек. Олай болмаса, цифрландыруды не үшін енгізіп жатырмыз?

Цифрландыру сәнді ойыншық емес қой. Ол мемлекеттік аппарат функциясына қолдау тұрғысынан пайдалы болуы қажет», - деді Мемлекет басшысы.