04 жел, 2020 сағат 15:02

Мемлекеттік туды пайдалану заңына қандай өзгеріс енгізілді?

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Мемлекеттік туын пайдалану туралы заңнамаға қандай өзгерістер енгенін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылғы 27 қазанда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Мемлекеттік туды пайдалануға қатысты мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау тапсырмасы берілді. Аталған тапсырманы орындау аясында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысымен ҚР Мемлекеттік туын, елтаңбасын және олардың бейнелерін, ҚР Мемлекеттік гимнінің мәтінін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте бұл өзгерістер арқылы азаматтарымыз үшін Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр», - деп атап өтті министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Ең алдымен ҚР Мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру үшін, ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.

«Сонымен қатар жеке тұлғаларға осы қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚР Мемлекеттік туын бір қабатты немесе көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұдан былай жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын Мемлекеттік туды қараңғы уақытта жарық құралдарын қолданбай-ақ пайдалана алады. 

Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген өзгертулер Мемлекеттік тудың қолданылу аясын едәуір кеңейтеді, оның қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған символдық капиталын жаңаша ұғынуға мүмкіндік береді», - деді Ақтоты Райымқұлова. 

Сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдіктері жыл сайын қазақстандықтар арасында мемлекеттік рәміздерді дәріптеу және патриотизмге тәрбиелеу мақсатында «Менің туым, менің Отаным!» акциясын өткізеді.