13 жел, 2021 сағат 20:40

Мемлекеттік сыйлық қаражатын қайырымдылыққа береміз – Күнсұлу Закария


QazVac вакцинасын әзірлеуші және Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтан кейін ҚазАқпарат ХАА тілшісіне сұхбат беріп, қазақстандықтарға отандық ғылымды қолдағаны үшін алғыс айтты.

«Осындай мәртебелі атақ үшін жоғары жауапкершілік сезімі де бойды кернеп тұр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының 63 жылдық тарихы бар. Осы аралықта институт ғалымдары қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы 70-ке жуық вакцина әзірледі. Бұл – бүкіл ұжымның еңбегі. Ал бүгін барлық жылдардағы сол қажырлы еңбекті бағалап отыр. Бұл вакциналардың барлығы өз уақытында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үлкен экономикалық маңызға ие болды. Біз соңғы екі жылда орасан зор жұмыс жүргіздік: алғашқы қазақстандық QazVac вакцинасын әзірледік, сынақтан өткіздік, медициналық қолдануға енгіздік және биылғы сәуір айынан бастап шығардық», - дейді К. Закария. 

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдардың жұмысына әрдайым қолдау көрсетіп, әзірлемелерге ерекше қызығушылық танытып отырған.

«Мемлекеттік марапатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алғанымды ерекше мақтаныш тұтамын. Президент бастапқыда-ақ біздің жұмысымызды қолдады, жаңа әзірлемелерге жан-жақты қызығушылық танытты. Үкімет те көмек көрсетті. Көптеген министрліктер мен ведомстволар және іс жүзінде барлық БАҚ халықты біздің зерттеуіміз бен әзірлемелеріміздің барысы туралы хабардар етті, сол үшін оларға жеке рахметімді айтамын», - деді К. Закария.

Сонымен бірге, отандық вакцинаны әзірлеуші «ҚазАқпарат» агенттігінің ұжымына ақпараттық қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

«ҚазАқпарат» агенттігіне жеке алғысымды білдіргім келеді, вакцинаны әзірлеудің алғашқы күндерінен бастап, сіздер ақпараттық салада қолдау көрсеттіңіздер. Халықты ақпараттандыру бойынша барлық жұмыстарды жүргізіп, вакциналаудың маңыздылығын түсіндірдіңіздер, бұл халық арасында осы күрделі аурудың алдын алу мен жою үшін өте қажет. Көп рақмет. Баршаңызды ұлы мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бұл біздің ата-бабаларымыз армандап өткен Тәуелсіздік», - деді Күнсұлу Закария. 

Сөз соңында ғалым QazVac отандық вакцинасын алғашқылардың бірі болып сынап көрген еріктілердің үлесін ерекше атап өтті. 

«Биік азаматтық ұстанымын көрсетіп, алғашқы қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулеріне қатысқан 3 244 еріктіге жеке алғысымды білдіргім келеді. Олар өз денсаулығын тәуекелге тікті. Қазір екінші вакцинамызды сынақтан өткізіп жатырмыз, оған Тараз қаласы мен Жамбыл облысынан 300-ге жуық адам қатысуда. Бұл шын мәнінде бүгінгі күннің ерлігі. 

Біз ғылым мен техника саласындағы стипендиаттар атынан бұл сыйлықтың бірде-бір теңгесін алмауды ұйғардық. Біз бұл соманы Жамбыл облысының мұқтаж тұрғындарына пәтер алуға береміз. Қайырымдылық ретінде біз мұқтаж адамдарға, баспанасыз адамдарға көмектескіміз келеді. Өйткені отбасы үшін ең бастысы – өз үйі», - дейді Күнсұлу Закария.