ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов оңтайландыру шаралары нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер еңбекақысы қандай көлемде өсетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Штаттың санды оңтайландыру ықшамдау мен бизнес-процестерді автоматтандырумен қатар жүреді. Сонымен бірге бірқатар басқарушы буынды қысқарту ұсынылады», - деді министр Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы орайда ынталандырушы фактор ретінде төменгі бөлімдердегі қызметшілердің еңбекақысы өсетінін жеткізді.
«Өткен жылы төменгі лауазымдардың еңбекақысы 25 пайызға артқан еді. Шататтық санды оңтайландыру арқасында орташа есеппен еңбекақыны тағы 15 пайызға арттыру мүмкіндігі болады», - деді Руслан Дәленов.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі жолдауында мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту жұмысын тездетуді тапсырған болатын.
Оған сәйкес, биыл мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны 10 процентке, ал келесі жылы тағы 15 процентке қысқартылады. Осылайша шенеуніктердің 25 проценті қысқартылып, үнемделген қаражат есебінен жұмыста қалған қызметкерлердің жалақысы көтеріледі.