10 қаң, 2022 сағат 11:37

Мемлекеттік хатшы Қазақстандағы оқиғаларды АҚШ-тағы оқиғамен салыстырды


ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Қазақстандағы оқиғаларды АҚШ-тағы толқулармен салыстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз кез келген өзге мемлекетке қарсы тұтастығын бұзуға бағытталған барынша тұрпайы сценарий қолдануға болатын жаңа кезеңге өткенімізді түсінуіміз керек. Яғни, осы мемлекетті сақтап қала аламыз ба деген сұрақ тұрды. Бір ғана қаланы қорғау мәселесі болған жоқ. Бір уақытта бірнеше өңірде шабуыл жасалды. Осы оқиғалардың негізгі құралы террористік шабуылдар, террористік топтардың азаматтық нысандарға шабуылы болды. Қазіргі таңда контртеррористік операция жүріп жатыр», - деді Мемлекеттік хатшы. 

Оның сөзінше, мұндай операцияның жүріп жатқаны туралы фактінің өзі салмақты ахуалға тап болғанымызды көрсетеді. 

«Өйткені мемлекеттің әрекеттер алгоритимі бар. Тәртіпсіздік жағдайында бір жоспары болады, толқулар және басқа да жайттар болса, басқа алгоритм, жоспар іске қосылады. Олардың белгілі бір кодтық атауы болады деген сияқты. 

Қазір біздің елімізде төтенше жағдайдан бөлек терроризмге қарсы оепрация режимі енгізілген. Өйткені біз террористік қатерге тап келдік. Көптеген елдерде жуықта болған оқиғалар бар. Мысалы АҚШ-тағы осыған ұқсас Капитолиге жасалған шабуылды айтуға болады. Немесе Таяу шығыс елдеріндегі оқиғаларды айтуға болады. Осы оқиғалардың бәрінде тек белгілі бір элемент қана болатын. Не сыртқы элемент, не ішкі элемент, не ақпараттық, не саяси және тағы сол сияқты. Ал қазір, осы оқиғалардың бәріне сырт көз ретінде қарасақ, ахуалды тұрақсыздандырудың бүкіл арсеналы қолданылғанын көреміз. Мақсаты мемлекеттің тұтастығын бұзу болған. Еліміз ол сынаққа қарсы тұра білді», - деді Ерлан Қарин.